Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"200 мың теңгеге жуық айыппұл": Қазақстандық ару Түркиядағы жағдайды айтып берді

Опубликовано:

Қазір әлемнің қай бұрышын алсақ та, коронавируспен күрес жүріп жатыр. Коронавирустың қақпанына Түркия да ілікті. Осы орайда әскери журналист Назгүл Кенжетай түрік еліндегі қазіргі жағдайды баяндап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Назгүл – халқының саны 16 миллионнан асатын Стамбұлдың уақытша тұрғыны. Қазір магистрант. Оқуын аяқтаған соң, елге қайтуды жоспарлап отыр.

Туған өлкесі Қызылордада соңғы рет өткен жылы жазда болыпты. 

Оның сөзінше, Түркияда коронавирус жұқтырғандар саны күннен күнге артып жатқанына қарамастан, елде төтенше жағдай режимі жарияланбаған.

"Франция, Италия сияқты барлығына сыртқа шығуға тыйым салу үшін мемлекеттің экономикасы өте қуатты болуы қажет. Бұл екі елге қарағанда Түркияның экономикасы төмен, сол себепті әзірге мұндай тыйым сала алмай отыр. Жұмысқа баратын адамдар бар. Үйде отырыңдар деп күн сайын ескертеді. Бірақ, халықтың уәжі – "мен үйде отыратын болсам, жалақымды бер". Тұрғындар тарапынан осындай наразылық көп", - дейді отандасымыз.

Туризм Түркияның қарқынды дамып жатқан салаларының бірі екені белгілі. Алайда, әлемді жайлаған дерттен бұл сектор да тұралап қалған. Шетелдіктерге қыдырып келуге тыйым салынды. Қалалар арасында жолаушы таситын автобустар қатынамайды, ұшақтар ұшпайды. Басқа қалаға бару үшін міндетті түрде жергілікті әкімдіктің рұқсаты керек.

Бұдан бөлек, 20 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға тыйым салынған.

Журналистің айтуынша, Стамбұл қазір коронавирус жұқтыру қаупі жоғары аймақ саналады. Сондықтан дерттің алдын алу шаралары қатаңдатылып жатыр. Десе де, сақтық шараларын қаперге ілмей, бейқам жүргендер де аз емес.

"Адамдар әлі күнге дейін себепсіз сыртқа шығуын доғарған жоқ. Мәселен, мен өзім аптасына бір рет азық-түлік үшін дүкенге барамын. Әрине, бетімде маска, қолымда бір реттік қолғап. Сауда орнында адамдар толып жүреді, көбі мән бермейді. Ауырғандар санының күннен күнге өсіп жатқаны да содан болар. Таяуда сауда орындарына бетперде мен қолғабы жоқтарға кіруге тыйым салынды. Егер маска тақпай, сыртта жүрсеңіз, үш мың лира, біздіңше, 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады", - дейді Назгүл.

Сауда орталықтары да жұмыс уақытын қысқартқан, енді кешкі сағат 20.00-ге дейін істейді. Отандасымыздың сөзінше, бұл уақыт тағы 18.00-ге дейін қысқаруы мүмкін.

Қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық орталықтары, білім ошақтары, көпшілік жиналатын тағы басқа орындар уақытша жабылған. Оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшті.

"Жатақханада тұратын студенттерді еліне қайтаруға тура келді. Мен пәтерде тұрамын. Қазір өз-өзімді барынша оқшаулап жатырмын. Себепсіз сыртқа шығу деген жоқ", - дейді қазақстандық бойжеткен.

Тапшылық мәселесі Қазақстанда ғана емес, түрік елінде де бар болып шықты. Назгүл Кенжетайдың айтуынша, дәріханалардан бетперде, спирт пен антисептик табу мұңға айналған.

"Бар болғанның өзінде, өте қымбат. Ең арзан масканы шамамен мың теңгеге сатып аласыз. Бағаны қадағалап отырған ешкім жоқ", - дейді ол.

Ал Ыстамбұл ауруханаларында бос орын жоқ екен. Ауруханаға тек коронавирусты жұқтырып-жұқтырмағанын тексеру үшін ғана баруға болады.

"Сол үшін барсаңыз да, вирус жұқтырып алу қаупі өте жоғары. Себебі ауырғандар бөлек оқшауланбайды. Науқастарды жалпы ауруханаларға орналастырып жатыр", - дейді ол.

Назгүлдің өзі вирусқа тексерілмеген, тек алдын алу шараларын қатаң сақтап отыр.

"Шын мәнінде вирус біраз мәселенің шетін шығарды. Ауруханадан бөлек, дәрігерлер жетіспейді. Қазір ақхалаттылар демалыссыз, күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Осы вирустан кейін дәрігер мамандығына гранттар көптеп бөліне бастады. Жас мамандарды шетелге жібермеу секілді шаралар қолға алынуда", - деп атап өтті журналист.

Назгүлдің ойынша, қазіргі жағдай бұл адамзат үшін бір белгі. Яғни Құдайдың шүкіршілік етіп, тәубеге келіңдер дегені. Себебі адамдар адамшылықты, аяушылықты ұмытып, адам табиғатына жат қылықтар жасап жүр.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1850238-200-my-tegege-zuyk-ajyppl-kazakstandyk-aru-trkiadagy-zagdajdy-ajtyp-berdi/

pixel