Выйти
RU

"Ауруханада орын жоқ, ең арзан маска 1000 теңге": COVID-19 өршіген Түркияның халі қалай

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Қазір әлемнің қай бұрышын алсақ та, көзге көрінбес вируспен күресіп жатыр. Аты да, заты да жаман індет шартарапты шарлап кетті. Коронавирус қақпанына Түркия да ілікті. Қазір елде қандай шаралар қабылданып жатыр? Жергілікті халықтың халі қалай? Бұл сұраққа Түркияда білім алып жүрген журналист Назгүл Кенжетай жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Фото: © Sputnik

Фото: © Sputnik

Назгүл – халқының саны 16 миллионнан асатын Стамбулдың уақытша тұрғыны. Қазір магистрант. Оқуын аяқтаған соң елге қайтуды жоспарлап отыр. Туған өлкесі Қызылордада соңғы рет өткен жылы жазда болыпты. 

Назгүлдің айтуынша, Түркияда вирус жұқтырғандар саны күн сайын артып жатқанына қарамастан, елде төтенше жағдай режимі жарияланбаған.

"Франция, Италия сияқты барлығына сыртқа шығуға тыйым салу үшін мемлекеттің экономикасы өте қуатты болуы қажет. Бұл екі елге қарағанда Түркияның экономикасы төмен, сол себепті әзірге мұндай тыйым сала алмай отыр. Жұмысқа баратын адамдар бар. Үйде отырыңдар деп күн сайын ескертеді. Бірақ, халықтың уәжі – "мен үйде отыратын болсам, жалақымды бер". Тұрғындар тарапынан осындай наразылық көп", - дейді отандасымыз.

Тағы да оқыңыздар

Қорқыт ата туралы не білеміз?

Туризм Түркияның қарқынды дамып жатқан салаларының бірі екені баршаға аян. Алайда, әлемді жайлаған дерттен бұл сектор да тұралап қалған. Шетелдіктерге қыдырып келуге тыйым салынды. Қалалар арасында жолаушы таситын автобустар қатынамайды, ұшақтар ұшпайды. Басқа қалаға бару үшін міндетті түрде жергілікті әкімдіктің рұқсаты керек. Бұдан бөлек, 20 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға тыйым салынған.

Журналистің айтуынша, Стамбул қазір коронавирус жұқтыру қаупі жоғары аймақ саналады. Сондықтан, дерттің алдын алу шаралары қатаңдатылып жатыр. Десе де, сақтық шараларын қаперге ілмей, бейқам жүргендер де аз емес.

"Адамдар әлі күнге дейін себепсіз сыртқа шығуын доғарған жоқ. Мәселен, мен өзім аптасына бір рет азық-түлік үшін дүкенге барамын. Әрине, бетімде маска, қолымда бір реттік қолғап. Сауда орнында адамдар толып жүреді, көбі мән бермейді. Ауырғандар санының күн сайын өсіп жатқаны да содан болар. Таяуда сауда орындарына бетперде мен қолғабы жоқтарға кіруге тыйым салынды. Егер маска тақпай, сыртта жүрсеңіз, үш мың лира, біздіңше, 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады", - дейді Назгүл.

Тағы да оқыңыздар

Тележүргізуші Дана Нұржігіттің өмірбаяны

"Ауруханада орын жоқ, ең арзан маска 1000 теңге": COVID-19 өршіген Түркияның халі қалай

Көрнекі фото: pixabay.com

Сауда орталықтары да жұмыс уақытын қысқартқан, енді кешкі сағат 20.00-ге дейін істейді. Отандасымыздың айтуынша, бұл уақыт тағы 18.00-ге дейін қысқаруы мүмкін. Қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық орталықтары, білім ошақтары, көпшілік жиналатын тағы басқа орындар уақытша жабылған. Оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшті.

"Жатақханада тұратын студенттерді еліне қайтаруға тура келді. Мен пәтерде тұрамын. Қазір өз-өзімді барынша оқшаулап жатырмын. Себепсіз сыртқа шығу деген жоқ", - дейді қазақстандық қыз.

Тапшылық мәселесі Қазақстанда ғана емес, түрік елінде де бар болып шықты. Назгүл Кенжетайдың айтуынша, дәріханалардан бетперде, спирт пен антисептик табу мұңға айналған.

"Бар болғанның өзінде, өте қымбат. Ең арзан масканы шамамен мың теңгеге сатып аласыз. Бағаны қадағалап отырған ешкім жоқ", - дейді ол.

Айтуынша, Ыстамбұл ауруханаларында бос орын жоқ. Ауруханаға тек коронавирусты жұқтырып-жұқтырмағанын тексеру үшін ғана баруға болады.

"Сол үшін барсаңыз да, вирус жұқтырып алу қаупі өте жоғары. Себебі ауырғандар бөлек оқшауланбайды. Науқастарды жалпы ауруханаларға орналастырып жатыр", - дейді ол.

Назгүлдің өзі вирусқа тексерілмеген, тек алдын алу шараларын қатаң сақтап отыр.

Тағы да оқыңыздар

Жүктілік кезінде әйел адамдар не істеуі керек?

"Шын мәнінде вирус біраз мәселенің шетін шығарды. Ауруханадан бөлек, дәрігерлер жетіспейді. Қазір ақхалаттылар демалыссыз, күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Осы вирустан кейін дәрігер мамандығына гранттар көптеп бөліне бастады. Жас мамандарды шетелге жібермеу секілді шаралар қолға алынуда", - деп атап өтті журналист.

Айта кетейік, әлем бойынша коронавирустан көз жұмғандар саны 106 мыңнан асты.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Ауруханада орын жоқ, ең арзан маска 1000 теңге": COVID-19 өршіген Түркияның халі қалай