Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Офлайн режим кімдерге арналған: аурухана мен емханалардың карантин кезіндегі қызметі

Опубликовано:

Карантин тіршіліктің көп саласын тұралатып тастады: адам өміріне қажет кейбір қызмет мүлдем тоқтап қалса, енді бірі онлайн режимге көшті. Бірақ, бұл үзілістің денсаулық сақтау саласына қатысы жоқ: еліміздегі ауруханалар мен клиникалар әдеттегідей қарқынды жұмыс істеуде. Қазіргідей қиын кезде медицина қызметкерлерінің қызметі өзгерді ме, негізгі күш қайда жұмсалуда? Уақытша тоқтатылған көмек түрлері және медициналық қызметтің жаңа тәртібі қандай? Бұл сұрақтарға NUR.KZ сайтында жарияланған мына материалдан жауап табасыздар.

Офлайн режим кімдерге арналған: Аурухана мен емханалардың карантин кезіндегі қызметі
Фото: Больница №2 г. Нур-Султана: Facebook

Ауруханалар қалай жұмыс істеуде?

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпсалалы аурухананың жұмыс кестесі өзгерген жоқ: аурухана жедел жәрдемге мұқтаж науқастарды қабылдауда және акушерлік көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, медициналық мекеме жіті миокард инфарктісі бар науқастарға да қызмет көрсетеді. Ауруханада инсульт және урологиялық орталықтар жұмыс істеп тұр. Қазір тек жоспарлы медициналық көмек уақытша тоқтатылды.

«Өздеріңіз білесіздер, бізге госпитализация бюросының порталы арқылы өңірлерден де пациенттер келеді. Бірақ карантинге байланысты қазір жоспарлы ем тоқтатылды. Мұндай науқастарға шұғыл көмек қажет емес, сондықтан, сабыр сақтап күтуге тура келеді. Ал жоспарлы емді карантин аяқталғаннан кейін де алуға болады»,- дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпсалалы аурухананың директоры Иван Ли.

Жоспарлы медициналық көмек тоқтатылған соң, торкальды хирургия бөлімшесі мен урологиялық орталықтың жүктемесі төмендеді. Алайда, бұл аталған бөлімшелердің дәрігерлері бос отыр деген сөз емес, өйткені карантинге байланысты Нұр-Сұлтандағы бірқатар медициналық мекеме жабылған, сондықтан, шұғыл көмек қажет болғанда пациенттер өздері және жедел медициналық жәрдем бригадасымен осында келеді. Аурухананың реаниматолог, пульмонолог сынды дәрігерлері де қазір коронавирусқа шалдыққан жағдайы ауыр науқастар емделіп жатқан ауруханада жұмыс істеуде.

Бүгінде бар күш COVID-19 қарсы күреске салынып жатқанын білеміз, дегенмен, елімізде шұғыл көмекке мұқтаж басқа аурулар да аз емес.

«Инсульт пен инфаркт саны бұрынғыша. Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, қазір бізде, керісінше, жіті аурулардың қатары өсуде»,- дейді дәрігер.

Офлайн режим кімдерге арналған: Аурухана мен емханалардың карантин кезіндегі қызметі
Фото: Больница №2 г. Нур-Султана: Facebook

Ауруханадағы бөлімшелердің ешқайсы бос емес, жарақат алғандар мен ауруы асқынғандар келеді, офтальмология, бет-жақ хирургиясы және ЛОР бөлімшелері шұғыл тәртіпте жұмыс істеуде.

Бүгінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Ауруханада ақ халаттылардың амандығы үшін барлық жағдай жасалған.

«Қызметкерлерді қаншалықты дұрыс қорғай алсақ, соғұрлым дәрігерледің де науқастарға көмегі көп тиеді. Ауруханада мамандарға арналған арнайы халаттар, бір рет пайдаланылатын материалдар жеткілікті. Эпидрежим мен алгоритмдер жасалған. Коронавируспен күрес жұмыстарына тартылған біздің дәрігерлердің ешқайсысы індетті жұқтырған жоқ»,- дейді аурухана директоры.

Елордалық аурухананың бас дәрігері науқастарға шұғыл медициналық көмек толық көлемде көрсетілетінін атап өтті.

Офлайн режим кімдерге арналған: Аурухана мен емханалардың карантин кезіндегі қызметі
Фото: Больница №2 г. Нур-Султана: Facebook

Емханалар қалай жұмыс істейді?

Емханалар бірнеше аптадан бері жаңа жұмыс режиміне көшті. Карантин салдарынан біраз өзгеріс болды: жоспарлы медициналық көмек кейінге қалдырылды. Дәрігерлер кабинетінің алдында әдеттегідей ұзын-сонар кезек жоқ, келуші адам аз. Бірақ, бұл жұмыс азайды деген сөз емес.

«Учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандар жедел медициналық көмекке мұқтаж пациенттерді қабылдайды, оларға зертханалық және диагностикалық қызметтер де көрсетеді. Емханада көбінесе қауіпті топтағы балалар мен жүкті әйелдер қаралады, қалған азаматтар үнемі қашықтықтан бақылауда болады»,- дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №5 емхананың директоры Алтыншаш Табулдина.

Клиникаға келушілер саны азйғанымен, үйге дәрігер шақырушылар қатары көбейген, нәрестелер мен диспансерлік науқастарға патронаж қызметі көрсетіледі.

«Егер науқас өзін нашар сезіне бастаса, ауырсынса, жағдайының қаншалықты қиын екенін түсіне алмаса, үйге учаскелік дәрігер шақыруға кеңес береміз. Үйге келген учаскелік дәрігер пациентті тексеріп, емханаға бару керек пе, жоқ па, соны шешеді. Мысалы, қажет болса, рентгенге түсіреді. Сондай-ақ, бейінді мамандар бейнебайланыс және телефон арқылы кеңес береді»,- деді клиника басшысы.

Шұғыл емдеу кезінде жедел клиникалық-диагностикалық қызметтер, жарақат алған науқастар мен қатерлі ісікке шалдыққан пациенттер диагностикалық қызметтерді (УДЗ, ФГДС, рентген, анализдер, салалық мамандардың тексеруі) толық көлемде алады.

Қазір емханаларда скрининг, профилактикалық тексерулер, жоспарлы егу және жоспарлы флюорографиялық тексерулер уақытша тоқтатылды.

Офлайн режим кімдерге арналған: Аурухана мен емханалардың карантин кезіндегі қызметі
Фото: Поликлиника №5 г. Нур-Султана: Facebook

«Профилактикалық тексеруді, скрининг, иммундау сынды бір жылға жоспарланған үлкен жұмысты кейінге қалдырдық. Аталған қызметтер уақытша тоқтатылғанымен, қажет болса, кез-келген сәтте көмек көрсетіледі. Карантиннен кейін ауқымды профилактикалық жұмысты бастаймыз, сол кезде дәрігерлердің жүктемесі ауырлайтыны анық. Сондықтан, азаматтардан алдын-ала түсіністікпен қарауды сұраймыз: профилактикалық тексеруге дер кезінде міндетті түрде келу керек»,- деп ескертеді Алтыншаш Табулдина.

Сонымен қатар, карантинге қарамастан, созылмалы ауруы бар науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Қарт адамдарға ақысыз дәрі-дәрмекті үйіне жеткізіліп береміз, бұл іске еріктілер де атсалысуда.

Қалада қозғалыстың шектелуіне байланысты емхананың жұмыс уақыты 9:00-ден 18:00-ге дейін қысқарды. Үйден қоңырау 16.00-ге дейін қабылданады. Клиника сенбі күні де дәл осы режимде жұмыс істейді. Жедел медициналық көмек қолжетімді болу үшін жедел жәрдем бригадаларының саны артты.

Айта кету керек, қазір Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да арнайы режимде жұмыс істейді. Алайда МӘМС пакеттеріне өзгерістер енгізілген жоқ. Жоғарыда айтылғандай, карантиндік режимге байланысты шұғыл медициналық көмек көрсетуден басқа, кейбір медициналық қызметтерге уақытша шектеу қойылды, өйткені тұрғындарға адам көп жиналатын жерлерге бармауға және аса қажет болмаса, үйден шықпауға кеңес берілген.

Офлайн режим кімдерге арналған: Аурухана мен емханалардың карантин кезіндегі қызметі
Фото: Поликлиника №5 г. Нур-Султана: Facebook

Сонымен қатар, Қор қазіргі жағдайға байланысты МӘМС жүйесіне тіркелу үшін жеңілдік жасалған мерзім 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартылғанын еске салды. Осы аралықта барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып саналады, яғни, оларға сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық қызметтер қолжетімді.

Қазір МӘМС жүйесінен 2,5 миллионға жуық адам тыс қалған. Бұған қарамастан, олар, Қор атап өткендей, қажетті медициналық қызметтерді ала алады. Ал медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтердің ақысын Қор төлейді.

«МӘМС іске қосылғалы азаматтарға УДЗ, КТ және МРТ сынды зерттеулер қолжетімді және мұндай қымбат қызметтерге деген сұраныс айтарлықтай артты. Жаңа жүйе қазіргідей экономикалық қиын шақта пациенттерге қолдау көрсетеді», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1850696-oflajn-rezim-kimderge-arnalgan-auruhana-men-emhanalardy-karantin-kezindegi-kyzmeti/

pixel