RU

Америкадағы жойқын торнадо құрбандарының саны жүзден асты

Жексенбіде Джоплин қаласының тас-талқанын шығарған жойқын торнадо құрбандарының саны 116 адамға жетті. Құтқарушылар үйінділерді аршып, аман қалған 7 адамды шығарып алды.

Құтқару жұмыстарын жүргізуге күшті жел мен қатты жауған жаңбыр кедергі болып отыр. Торнадо екі мыңға жуық ғимаратты жермен жексен етіп, қаладағы үйлердің 30 пайызына елеулі зақым келтірді.

Үйлер мен көліктердің сынықтары 100 шақырым айналаға шашылған. Құйын дауылдың ішіндегі жел жылдамдығы сағатына 350 шақырымға жеткен. 50 мың тұрғыны бар қала басшылығының мәлімдеуінше, дер кезінде ескертпегенде, құрбандар саны одан да көп болар еді.

Торнадо соғар алдында Джоплинде дабыл қағылған екен. Биылғы көктемде АҚШ аумағында торнадолар әдеттегіден жиі соққан. Жалпы жыл басынан бері құйын дауылдардан 400-ден аса адам қаза тапты. Ал торнадолардан келген шығын 2 миллиард долларға бағаланып отыр.   

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/185088-amerikadagy-zhojkyn-tornado-kyrbandarynyn-sany-zhyzden-asty.html