Выйти
RU

"Үйде жатқым келмеді": Елордалық азамат әскери жиынға не үшін барғанын айтып берді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Елордада коронавирус инфекциясына байланысты арнайы жиындарға шақырылған азаматтар әскери борыштарын орындауға кірісіп кетті. Бірі қаладағы дезинфекциялық шараларға қатысса, енді бірі блок-бекеттерде кезекшілік атқарып жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Мейірхан Нақыпов жүргізушінің рұқсат қағаздарын тексеріп жатыр. Фото: SPUTNIK/ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ

Мейірхан Нақыпов жүргізушінің рұқсат қағаздарын тексеріп жатыр. Фото: SPUTNIK/ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ

Әскери жиынға өз еркімен барған азаматтардың бірі- Мейірхан Нақыпов.

Ол бұған дейін мерзімді әскери қызметін "Айбын" президенттік полкінде атқарған. Ал әскерден кейін қызметін спорт саласына ауыстырған.

"Мен өзім жүзуден бапкермін. Елордадағы балабақшалардың бірінде істеймін. Төтенше жағдайды жариялағаннан кейін үйде жатқым келмеді. Халқыма қызмет етейін деп арнайы жиындарға бардым. Бойдақпын, жасым 26-да", - дейді ол.

Қазіргі қызмет жайлы әңгімелеген Мейірхан блок-бекетте кезекшілік атқаратын жігіттерді таңғы сағат 6:00-де алып кетіп, шұғыл штабқа апаратынын айтады.

Сол жерде барлығы сапқа тұрып, нұсқау алады. Осыдан кейін блок-бекеттерге барады.

Оның сөзінше, әрбір бекетке 5 адамнан жіберіледі. Олармен бірге десантшылар, полиция, шұғыл әрекет ету отряды, медицина қызметкерлер мен шұғыл штаб өкілдері де қызмет атқарады.

"Біз көліктер мен адамдарды өткізу шараларына атсалысамыз. Көліктер екі жақтан да келе береді. Халық та солай. Мысалы, басқа жақтан келген адам Нұр-Сұлтанда тұрақты тіркеуде тұрса, біз оның мәліметтерін базаға жібереміз. Мәліметтері расталса, ол адам арнайы қағаз толтырады. Медициналық тексерістен өтеді. Бәрі дұрыс болса, қалаға кіргеннен кейін 14 күн бойы үй карантинінде отыруға келісім береді", - дейді Нақыпов.

Тағы да оқыңыздар

Тележүргізуші Дана Нұржігіттің өмірбаяны

Ал елордадан шығатын адам басқа қалада тұрақты тіркеуде тұрса, шығуға рұқсат бар. Алайда алдымен оның барлық мәліметтерін қаралады. Одан кейін медициналық тексерістен өтуі керек. Нұр-Сұлтаннан шығатындардың көбісі жұмыс бабымен жүреді. Олардың арасында отбасы мәселесімен жүргендер де бар.

"Негізі, Нұр-Сұлтанда тұрақты тіркеуде тұрған азаматтарды шығаруға болмайды. Алайда отбасы жағдайына байланысты рұқсат беріледі. Мысалы, отбасы бір қалада, ал әкесі осында қалып қойды. Ол шығамын десе, штаб бәрін жан-жақты қарайды. Рұқсат берсе, шығарамыз", - дейді Мейірхан. 
Фото: SPUTNIK/ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ

Фото: SPUTNIK/ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ

Агенттіктің мәліметінше, әскери міндеттілер жүк көліктерін де тексереді. Жүргізушілердің рұқсаты бар ма, жоқ па - соның барлығына қарайды. Көлік жүргізушілері де медициналық тексерістен өтуі керек.

Егер температурасы нормадан асып тұрса, көлігі тұраққа қойылады да, дәрігерлер ол адамды жан-жақты тексереді. Жай тұмаумен өткізе береді. Ал коронавирус инфекциясы бар деп күмәнданса, жедел жәрдем көлігімен алып кетеді.

Арнайы жиындарға шақырылған жігіттер 24 сағат бойы қызмет атқарады. Олар блок-бекеттердің жанындағы әскери шатырда тамақ ішіп, түнде демалады.

"Төрт мезгіл тамақ береді. Бірақ түскі асты ішіп үлгермейміз. Себебі кіретін және шығатын адам көп болады. Сосын ана жақта біреу кішкентай баламен тұрса, тамақ ішуге ұялады екенсің. Сондай адамдарды қарап шығуға тырысамыз. Солай, қалай кеш болғанын білмей қаламыз", - дейді елордалық тұрғын.

Тағы да оқыңыздар

Жүктілік кезінде әйел адамдар не істеуі керек?

Мейірхан түнгі сағат 00:00-ден кейін адам азаятынын айтады. Сол кезде әскери міндеттілер төрт сағаттай кезек-кезек ұйықтап алатын көрінеді. Бірақ бекетте міндетті түрде бірнеше адам жүреді.

Ал ертесінде таңғы сағат 9:00-де басқа әскери міндеттілер келеді. Ал кезекшілікті атқарып шыққандарға екі күн демалыс беріледі.

Мейірхан кезекшіліктен шыққан соң ұйқысын қандырып, екінші күні кітап оқып, спортпен айналысатынын айтады.

"Үшінші күні осында келеміз. Бірақ блок-бекетте тұратын менің бір әріптесім ауырып қалса, мен соның орнына шығуым керек", - дейді жас жігіт.

Сөз соңында елордалық азамат отандастарына өзінің айтарын жеткізді.

"Халыққа айтарымыз, карантин жайдан-жай енгізген жоқ. Бүгінде коронавирусты жұқтырғандардың саны күн сайын өсіп келеді. Індет шарықтау шегіне дейін жеткен жоқ. Аурудың көрсеткіші төмендеуі тиіс. Соған дейін шыдай тұрайық. Карантинді де алып тастайды. Әрбір адам сақтық шараларына көбірек мән берсе, бұрынғы өмірге тезірек ораламыз", - деді Мейірхан Нақыпов.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты 15 наурызда Қазақстанда жарияланған Төтенше жағдай 1 мамырға дейін ұзартылды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Үйде жатқым келмеді": Елордалық азамат әскери жиынға не үшін барғанын айтып берді