RU

"Әйелдер күйеуін қайтару үшін келеді": Карма заңын зерттейтін маман құпиясымен бөлісті

Психоматрица саласын тереңнен зерттеп жүрген нумерологтар қатары өте көп. Олардың көпшілігі адам өміріндегі цифрларға қатысты кеңінен ақпарат беріп, қаржылық тұрғыдан қалай алға жылжу керектігін, қай санның сәттілік әкелетінін еш қиындықсыз жеткізе алады. Ал өзін Кама деп таныстырған эзотерик тылсымға толы карма заңдарын жіті меңгеруде. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол бұл саланы ислам дініне қарсы келмейтіндіктен таңдаған.

Кама ханым. Фото: instagram.com/zheti_ata_karma
Кама ханым. Фото: instagram.com/zheti_ata_karma: Depositphotos

37 жастағы Кама ханымның төрт баласы бар. Ол бизнестегі табысты келіншектердің бірі. Алайда, ол тылсым мен құпияға тұнған психоматрицаны, оның ішінде карманы терең зерттеуді қолға алған.

"Өзім бизнеспен айналысамын әрі көпбалалы анамын. Адам өмірде өзіне ләззат әкелетін түрлі іспен айналысса да, жүрек түкпірінде шын көңілімен қалаған дүниесі тұрады. Бала кезден эзотерикаға қатты қызықтым. Психоматрицада ислам дініне мүлде қарама-қайшы пікір жоқ. Осыдан соң, бұл сала мені одан әрі тарта түсті.
20 жасымнан бастап хиромантия, астрология, нумерология, түс жоруға қатысты кітаптарды оқитынмын. Кейін кармологияның тренингтеріне қатыса бастадым. Содан соң адамды кармология арқылы санаса, талай жыл іздеген сұрақтарына тез жауап алатынын түсіндім", - дейді ол.

Кама ханым бұл салаға ақшаға мұқтаж болғандықтан емес, тереңінен қызығушылық болған соң бет бұрған. Бірақ алғашында айналысындағыларға айтуға жүрексінгені рас.

"2017 жылы осы сала мені шынымен баурап алды. Жанымдағыларға айтайын десем, көпшілігі харам деп айта ма деп қорықтым. Бірақ бұл саланың ислам дінімізге қарама-қайшылығы жоқ. Дінде тыйым салынған заттардың барлығы кармологияда да тыйым салынған. Кейін өзім үшін жақындарымның, әншілердің, әйгілі адамдар мен көршілердің туған күндерін іштей санап, зерттей бастадым.
Ал болжамдарым дұрыс келгенін көргенде, бұл карма деп өздеріне жазып отырдым. Мысалы, бір танысымның жұмысынан қауіп төніп тұрғанын есептеп шықсам, оған міндетті түрді бұл карма деп ескертемін. Мәселен, айдың 7, 29 жұлдызында туғандарға есепші, кассир болуға болмайды", - дейді эзотерик.

Эзотерика маманы карманың не екенін және оның адам өміріне қалай әсер ететінін түсіндірді.

"Психоматрица адамның мінезін ғана көрсетеді. Егер адам өз-өзімен күресе білсе, жамандықты жеңіп, өзінің артықшылықтарын пайдаға асырады. Карма – бұл ата-бабаларымыздың істеген қателіктері. Карма, карама, бхарма, харам сөздерінің мағынасы бір. Кармологияда қандай әрекеттер жасасаң ғана кармаға кіретінің айтылады. Бұл әрекеттерді біздің хақ дініміз де теріске шығарған. Мысалы, 7 қабат карма бар.
Оның екі қабаты үстінде, үш қабаты астыда тұрады. Егер екеуі астыға түссе, карма 100 пайыз жұмыс істеп, адамның жолын жабады. Қысқаша түсіндіретін болсам, атадан әкеге, әкеден балаға берілген жаман әдет, жаман мінез бен қырсықтық, қызғаншақтық, тәкаппарлық, көре алмаушылық, ажырасу, біреудің тағдырын ойрандау, ұрлау, дуалау, тылсым күш, пұтқа табыну, зинақорлық, ақшалай қарыз болу - барлығы карма болып ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді", - дейді Кама ханым.

Карманы есептеу тұтастай математикаға құралған. Бүгінде Камадан кеңес сұрап келетін ер адам да, әйелдер де көп.

"Менен кеңес сұрайтын адамдардың басым бөлігі өзін мақтағанды, өзін аяғанды жақсы көреді. Яғни, өзін құрбан қылып көрсетеді. Ал жалпы алғанда, әйелдер күйеуінің басқаға кетіп қалғанына, жүріс жүретініне, көзіне шөп салатынына жиі шағымданады. Бұл жерде өздерінің де кінәсі бар екенін көпшілігі мойындамайды. Ер адамдар көп жағдайда бизнестегі сатқындыққа байланысты кеңес сұрайды. Мұның астарында да кінәні өзінен іздеу керек", - дейді Кама ханым.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1851253-jelder-kjeuin-kajtaru-sin-keledi-karma-zayn-zerttejtin-maman-kpiasymen-blisti.html