Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Иранда коронавируспен күресіп жүрген этникалық қазақ елдегі ахуал туралы айтты

Опубликовано:

Иранда дәрігер болып қызмет ететін этникалық қазақ Мехрдад Чалак коронавирус инфекциясымен күресіп жүріп вирус жұқтырып алған. Ол үйінде емделіп, дерттен айыққан соң жұмысына қайта оралды. Осы орайда COVID-19-дан жазылған Иран қазағы қазіргі жағдайы мен елдегі ахуал туралы айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Фото: Мехрдад Чалактың жеке мұрағаты
Фото: Мехрдад Чалактың жеке мұрағаты: Instagram

46 жастағы дәрігер Мехрдад Чалак – коронавирус инфекциясын жұқтырып, емделіп шыққан Иран тұрғындарының бірі. Ол Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының орталығы Горган қаласында тұрады.

"Иранда жаңа вирус туралы белгілі болып, адам шығыны жарияланған күннің ертеңіне ауру симптомы менен де байқалды. Анализдер мен тексерулерден соң маған инфекция жұққаны анықталды", - деді ол.

Мехрдад Чалактың айтуынша, сол күні оның Горгандағы бірнеше әріптесінен коронавирус белгісі анықталған.

Дәрігерлердің кейбіреулері ауруханада емделсе, енді бірі үйден ем қабылдауына тура келген.

"Өз басым соншалықты қатты ауырдым деп айта алмаймын. Алайда қызуым көтеріліп, екі-үш күнге дейін түспей қойды. Алғашында "тұмау" деп ойладық. Осы уақытта мен жұмыс істейтін ауруханаға қызуы көтеріліп, тынысы тарылған адамдар көп түсе бастады. Басында бірнеше күн жұмысқа бардым да, сынама нәтижесі белгілі болған соң үйде оқшауланып ем қабылдадым", - дейді Мехрдад Чалак.
Иранда коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі. Фото: Tasnimnews
Иранда коронавирустан қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі. Фото: Tasnimnews: Instagram

Ер адамның алғашқы күндері басы ауырып, денесін әлсіздік басқан. Сол уақытта Мехрдад қатты алаңдаған.

"Бір-екі күн қайғырып, "вирус күшейіп кете ме" деп қатты қорықтым. Жұмысты тоқтатып, оқшауланып ем қабылдағанда үйде жалғыз болдым. Бала-шағам Қазақстанда болатын. Әлеуметтік оқшаулану тәртібіне сәйкес үйге адам кіргізбей, есіктен қайтаруға тура келді. Ақырында бас-аяғы он шақты күнде қалпыма келіп, қайтадан жұмысқа шықтым. Аурудың бастапқы кезеңінде емделіп, коронавирус инфекциясының жеңіл түрін өткердім", - дейді дәрігер.
Эштехард қаласындағы медициналық маска шығаратын кәсіпорын жұмысшылары. Фото: EPA-EFE
Эштехард қаласындағы медициналық маска шығаратын кәсіпорын жұмысшылары. Фото: EPA-EFE: Instagram

Мехрдад Горгандағы қазақтар тұратын ауданда (Қазақ махалла) өзінен басқа да вирус жұқтырған адамдар болғанын жеткізді.

"Иран қазақтарынан вирус жұқтырған үш адам ауруханаға жатып, жазылып шықты", - дейді ол.

Мехрдад Чалактың сөзінше, жергілікті қандастар арасында ондаған адам вирус жұқтырғанымен, көбі үйде оқшауланып ем қабылдаған. Кейіннен олар да жазылып кеткен.

Мехрдад қызмет ететін емхана 300 төсекке есептелген. Наурыз айы мен сәуірдің басында ауруханада орын тапшылығы байқалыпты.

Медициналық мекеме коронавирус инфекциясын жұқтырды деген күдікпен түскен науқастарды ғана қабылдаған.

"Тек тыныс ала алмай қатты қиналғандарды ауруханаға жатқызып, қалғанына дәрі-дәрмек беріп, үйде ем-дом жасаудан басқа амалымыз болмады", - дейді дәрігер.

Мехрдад Чалак аймақта вирус шарықтау шегіне жеткенде ауруханаларда жасанды демалдыру құралдары жетпей қалған кездер болғанын жасырмады. Жансақтау бөлімінде де орын болмағандықтан кейбір науқастарды бір ауруханадан екіншісіне жіберуге тура келген.

Дәрігердің сөзінше, қайтыс болғандардың көбісі вирус жұққан соң бұрынғы сырқаты асқынған адамдар.

Тегеран метросындағы адамдар. 2020 жылдың сәуірі. Фото: Mizan News Agency
Тегеран метросындағы адамдар. 2020 жылдың сәуірі. Фото: Mizan News Agency: Instagram

Сондай-ақ, Мехрдад бастапқыда ауруханаларда антисептик, қолғап және маска тапшылығы байқалғанын айтады.

Дегенмен сәуірдің алғашқы аптасынан кейін Гүлстан провинциясында коронавируспен ауыратындар азайған.

"Бұның алдында күнде ондаған адам ауруханаға жатқызылса, қазір бұл көрсеткіш 4-5 адамға қысқарды", - дейді Мехрдад Чалак.

Қазақ дәрігер ел тұрғындары Иранға бұл дерттің қалай келгенін білмей қалғанын жеткізді. Оның пікірінше, індеттің кеңінен тарап кетуінің себебі – осы.

"Біздің байқағанымыз кейбір жағдайда вирустың симптомы жеңіл болады. Тіпті симптомсыз өткеретіндер де болуы мүмкін. Сол адамдар өздері көз жеткізгенге дейін басқаларға вирус жұқтырып үлгереді", - дейді этникалық қазақ.

Коронавирус инфекциясынан жазылып шыққан Мехрдад Чалак әлеуметтік оқшаулану талабы сақталса, вирус азаюы мүмкін деп есептейді.

"Қазір адамдар оның таралу жолын біліп қалды. Анда-санда вирус жұққандар байқалғанымен, ендігіде бұрынғыдай жаппай таралмайтын шығар", - деді ол.

Дәрігер күшті иммунитеттің осындай індет кезінде маңызды екенін айтады.

"Иммунитеттің арқасында адамдар бұған да төтеп береді деп ойлаймын" деп сөзін қорытындылады горгандық дәрігер Мехрдад Чалак.

Еске сала кетсек, бұғандейін үш апта бойы үйдің бетін көрмеген қызылордалық дәрігер туралы жазған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1851307-iranda-koronaviruspen-kresip-zrgen-etnikalyk-kazak-eldegi-ahualy-turaly-ajtty/

pixel