RU

Шашты тықырлап алудың зияны қандай

Әлемді коронавирус жайлағалы бері елімізде шаштарын тықырлап алған адамдар көбейген. Қалың шаштан құтылудың көптеген артықшылығы бары анық. Мысалы, тықыр шаш мұқият күтімді қажет етпейді, бас терлемейді және орнына жаңа шаш өсіп шығады. Дегенмен шашты тықырлап алудың зияны да жоқ емес деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ernur.kz-ке сілтеме жасап.

Шашты тықырлап алудың қандай зияны бар
Фото: piqsels.com: UGC

Қауіпті процедура

Шашты тықырлап қыру – бір жағынан қауіпті процедура. Трихологтардың айтуынша, қырыну кезінде шаштың түптерін зақымдап алу әбден мүмкін. Яғни, сондай жағдайға тап болсаңыз, шашты қайта өсіргенде көлемі мен сапасы бұрынғыдай болмай қалуы ықтимал. Осы орайда дәрігерлер мүмкін болса шашты нағыз мамандарға алдыруға кеңес береді. Әйтпесе, зақымданған шаш өмір бойы қалпына келмейді.

Ал, "тықырлап алғаннан кейін шаш жақсы өседі" деген пікірге келсек, ғалымдар мұнымен келіспейді. Өйткені шаштың түсі, қалыңдығы, саны және басқа да белгілері ген арқылы беріледі екен.

Терінің зақымдануы

Шашты тықырлап алу кезінде тері де зақымдануы мүмкін. Оған қоса, қарапайым гигиена талаптарын сақтамағанның өзінде жаралар арқылы қанға кез келген инфекция түсіп кетуі ықтимал.

Сондай-ақ, косметологтардың мәліметінше, ұстара жиі тиетін тері қабаты кеуіп кететін көрінеді. Сол себепті теріні арнайы құралдармен ылғалдандырып отыру қажет, әйтпесе бас терісі қабыршақтанып кетуі ғажап емес.

Күннің кері әсері

Шаш бас терісін күннің кері әсерінен әрдайым қорғап тұратындықтан, тықыр баспен күннің астында ұзақ жүру зиянын тигізбей қоймайды. Тіпті, ғалымдардың өзі күнге күю тері обырын тудыратын ең жиі кездесетін факторлардың бірі екенін анықтаған. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған сәуле түрін канцерогендер тізіміне енгізген.

Суық

Негізі жылдың қай мезгілі болмасын, температураға сай баскиім киіп жүрген дұрыс дейді мамандар. Өйткені суық та шаштың түбіне өте зиян. Сонымен қатар, басқа суық тисе көптеген сырқатқа себеп болуы мүмкін. Мысалы, бас ауруы, гайморит, отит, синусит, тонзиллит, есту қабілетінің төмендеуі және т.б. Сол себепті, әрқашан білікті мамандар айтқан кеңестерді есте сақтаған абзал.

Еске сала кетсек, отандық шоу-бизнес өкілдерінің жаппай шашын тақырлап алып жатқанын хабарлаған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1851927-sasty-tykyrlap-aludy-kandaj-ziany-bar.html