RU

Қандай жағдайда ораза ұстамауға рұқсат етіледі

Ислам діні ораза ұстауға шамасы келмейтіндерге жеңілдік береді. Яғни, кейбір мұсылмандар оразаны Рамазан айынан басқа бір уақытта ұстаса, басқалары оның орнына підия беріп, "ауыз бекітудің" ауыртпалығынан босатылады. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ порталы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының сайтына сілтеме жасап "қандай жағдайда ораза ұстамауға рұқсат етіледі" деген сауалға жауап іздеді.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram

Шариғат бойынша мына жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат етіледі:

1. Науқас

Мерт болуы, белгілі бір ағзаның зақымдануы, жаңа аурудың пайда болуы және аурудың асқыну қауіпі күшейгенде, сондай-ақ білікті әрі әділетті мұсылман дәрігердің кеңесімен ораза ұстамауға рұқсат етіледі.

2. Жолаушы

Жолаушының жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намазын қысқартып оқуға рұқсат етіледі. Сапарға шыққан адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Мүмкіндік болса, ұстағаны дұрыс.

3. Жүктілік және бала емізу

Жүкті және емізулі баласы бар әйелдер өзі немесе жатырдағы баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Бұл мәселенің шешімі тәжірибе арқылы ойдың басымдылығы немесе білікті әрі әділ мұсылман дәрігердің кеңесімен айқындалады.

4. Шөл мен аштық

Қатты шөл не қатты аштық өлімге немесе қауіпті ауруға себеп болса, онда оразаны тоқтатып, оны кейін өтейді. Өйткені, шариғат бойынша адам баласы өмірін сақтауға міндетті.

5. Кәрілік

Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ ұстамаған оразаның әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға (підия беруге) бұйырылды.

6. Хайыз және нифас

Етеккірі келген және босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер ораза ұстамайды, бірақ кейін қазасын өтейді

7. Балалық және ақылы кемдік

Балиғат жасына толмаған бала және ақылы жоқ адам ораза ұстауға міндетті емес.

8. Ауыр жұмыс

Біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері (ұшқыш, дәрігер т.б.) мен ауыр жұмыс иелері (кенші, металлург, қауіпті нысанда істейтін құрылысшы т.б.) ораза ұстауға шамасы жетпесе, оны кейінге қалдыра алады.

Алайда жұмыс немесе қызметтің ауыр болуына қарамай, ораза ұстауға мүмкіндік табылса және оның оразасы өзіне немесе өзгеге зияны тимесе, ондай адамға ораза ұстау міндет болады. 

Еске сала кетсек, еліміздің бас мүфтиі Рамазан айы биыл 24 сәуірден басталатанын хабардар етті.

Сондай-ақ, елдегі төтенше жағдайға байланысты тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтыны белгілі болды. Бұл індеттің таралуының алдын алу мақсатында жасалып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты 15 наурызда Қазақстанда жарияланған Төтенше жағдай 1 мамырға дейін ұзартылды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1852003-kandaj-zagdajda-oraza-stamauga-rksat-etiledi.html