RU

Мұнайдың артынан ресейлік рубль де құлдырады

Мәскеу биржасындағы сауда ресейлік рубльдің құлдырауымен аяқталды. Оған мұнай бағасының күрт төмендеуі әсер етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Twitter

Мәскеу биржасының сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, 21 сәуірдегі жағдай бойынша еуроның бағасы 83 рубль, ал АҚШ доллары 76,5 рубльге дейін көтерілген. Ал өткен аптада америкалық валютаның ең жоғары бағасы 73,3 рубльді құрайтын.

Сондай-ақ негізгі ресейлік индекстер де төмендеді – 1,4-тен 3,5 пайызға дейін.

Айта кетейік, KASE мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта бір Ресей рублі – 5,7 теңге тұрса, америкалық доллар 3 теңгеге қымбаттап, 430 теңгені құрап отыр.

Қазақстан мен Ресей ұлттық валюталарының бұлайша құлдырауы әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт төмендеуімен байланысты. Осылайша, WTI маркалы мұнай бағасы антирекорд орнатқаннан кейін, тіпті, нөлден төмен көрсеткішке түсіп кетті. Яғни, оның өндірушілері жанармайды сатып алуға ниет білдіргендерге қосымша төлем жасауға келісті.

Аталған маркалы мұнай бағасының күрт төмендеуіне АҚШ мұнай қоймаларының толып кеткені туралы жаңалық себеп болды.

Осылайша, әлемдік нарықта "қара алтынның" бағасы тұрақталар емес. Қазір оның бірде көтеріліп, бірде рекордтық деңгейге дейін құлдырап жатқанына куә болудамыз.

Бұған дейін қор биржасындағы таңғы саудалардың нәтижесінде доллар бағамының 427 теңгеге дейін өскенін хабарлағанбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1852028-mnajdy-artynan-resejlik-rubl-de-kldyrady.html