RU

Коронавирус жұқтырған Камалжан Надыровтың жағдайы қалай

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп коронавирус инфекциясы анықталған бұрынғы вице-министр Камалжан Надыровтың қазіргі хал-жағдайын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған Камалжан Надыровтың жағдайы қалай
Фото: Facebook: UGC

Диас Ахметшәріптің сөзінше, экс-вице-министрдің ауруы жеңіл формада өтіп жатыр.

"Кеше Камалжан Талғатұлы үкімет шешімімен вице-министр лауазымынан босатылды және Алматы қаласының басқарма басшысы қызметіне кірісуі керек еді. Өкінішке қарай, кешке оның денсаулығы сыр беріп, коронавируске анализ тапсырды.
Анализ оң нәтиже көрсетіп, Надыров Нұр-Сұлтан қаласының инфекциялық станционарына жатқызылды. Қазір жағдайы жаман емес, ауру жеңіл формада өтуде. Екі аптада емделіп шығып, жаңа қызметіне кіріседі деп үміттенеміз", - дейді ДСМ өкілі.

Оның айтуынша, Надыровпен жақын және ықтимал байланыста болғандар анықталып жатыр. Эпидемиологиялық тексеру басталған.

"Соңғы күндері Камалжан Надыров министрдің тапсырмасымен Алматы облысында болды. Алматы қаласында емханадан ауру ошағы шығып, дәрігерлердің арасында түсініспеушілік туғанда да Надыров барған еді. Әрине, қорғаныс киімін киіп, барлық талаптарды сақтады.
Дегенмен, аурудың кімнен, қай жерден жұққанын анықтауымыз қажет. Ол кісі қазір қай күні қайда болғанын, кіммен кездескенін тізбектеп жазып отыр. Байланыста болған барлық адамдарға ПТР арқылы диагностика жасалады", - деді ресми өкіл.

Айта кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі болған Камалжан Надыровтан COVID-19 инфекциясы анықталып, ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1852258-koronavirus-zktyrgan-kamalzan-nadyrovty-zagdajy-kalaj.html