Выйти
RU

Бас мүфти ел тұрғындарын Рамазан айының келуімен құттықтады (видео)

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Рамазан айының келуімен құттықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы muftyat.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: muftyat.kz

Фото: muftyat.kz

Бас мүфтидің құттықтауы

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын! 

Сіздерді исі мұсылманның ұлық айы – Рамазанның келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бақыт пен береке, бірлік пен татулық тілеймін!

Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей! Әмин!

Өздеріңізге белгілі, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. 

Алайда уақытша сынақ кезінде жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап есігі ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы.

Тағы да оқыңыздар

Қорқыт ата туралы не білеміз?

Интернет желісі арқылы онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын таңдадық.

Қадірлі халайық!

Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Алла Тағала қасиетті Құранда "Бақара" сүресінің 148-аятында: "...Жақсылықта жарысыңдар", – деп әмір еткен.

Карантин кезінде ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп беруді ұйымдастырсаңыз, тіпті көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды ұсынып, оларға қаржылай қолдау көрсетсеңіз, Алланың қалауымен ауызашар бергеннің сауабын аласыз. Жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы.

Осы ретте барша отандастарымды қасиетті айдың құрметі үшін ақысыз демалысқа шыққан азаматтардың пәтер ақысына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға, күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттар мен азық-түлік бағасын барынша төмендетуге, күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына шектеу қоюға, көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырамын.

Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше, көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):"Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді", – деген. Халық даналығында айтылатын: "Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің", – деген нақыл сөздің мәні осы болса керек.

Тағы да оқыңыздар

Дұрыс тамақтану ережелері

Құрметті жамағат!

Рамазан – тәубе мен тәрбие, тақуалық пен қанағат, шүкір мен сабыр, мейірім мен қайырымдылық, береке мен бірлік айы. Ораза – сауап жинап, рухани кемелдену айы. Түйіндеп айтқанда, Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай.

Алла Тағала Құдси-хадисте: "Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы", – деген.

Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық. Жәннат есіктері ашылатын айда жақсылықта жарысайық.

Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей!

Жер бетінде жұқпалы індет жойылып, ораза айтты мешітте қарсы алып, қуанышты сәтте қауышуды жазғай! Жаратушы Иеміз жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әмин!

Рамазан айы құтты болсын!

Еске сала кетсек, биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталып, 23 мамырға дейін созылады. Мамыр айының 19-нан 20-сына қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Тағы да оқыңыздар

Жүктілік кезінде әйел адамдар не істеуі керек?

Соған орай сайтымызда әр өңір бойынша Ораза кестесі шыққан болатын.

Еске сала кетейік, ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Бас мүфти ел тұрғындарын Рамазан айының келуімен құттықтады (видео)