RU

"Көлікпен жүруге, серуендеуге болмайды": Алматы полициясы жаңа мәлімдеме жасады

Алматыда карантиннің бірқатар шаралары әлі де өз күшінде. Оңтүстік астана полициясы тұрғындарға не істеуге болатынын және болмайтынын түсіндіріп берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Көлікпен жүруге, серуендеуге болмайды": Алматы полициясы жаңа мәлімдеме жасады
Фото: NUR.KZ: Original

Алматыдағы карантинді жеңілдету тұрғындардың қала ішінде еркін қозғала алуына жол ашық дегенді білдірмейді. Бұл туралы Алматы қаласы ПД бастығы, полиция полковнигі Қанат Таймерденов айтты.

Бұған дейін мегаполистегі кедергі бекеттердің жұмысы тоқтатылғаны туралы жазған едік.

Алайда, тәртіп сақшыларының мәліметіне сәйкес, бұл өзгерістер тұрғындардың қала ішінде еркін қозғалуына болады деген сөз емес екен.

"Бұл карантин бітті деген сөз емес. Ережелер мен шарттар өзгерген жоқ: аса қажет болмаса, қала бойынша көлікпен жүруге және серуендеуге болмайды. Қалада жүріп-тұру тек өз жұмысын бастаған нысандарға және жедел штабтың арнайы базасына енгізілгендерге ғана рұқсат етілген", – деді Қанат Таймерденов.

Сондай-ақ мегаполистің бас полицейі тәртіп сақшыларының қала аумағындағы адам көп жиналатын жерлерін, яғни саябақтарды, алаңдарды патрульдеуін жалғастыратынын да қоса кетті.

"Анықталған әр факті нәтижесінде мұқият қаралады, шаралар қабылданады. Біз тұрғындарды және қала қонақтарын карантин ережелері мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды мүлтіксіз орындауға шақырамыз", – деді Қанат Таймерденов.

Полиция қала шетінде бұрынғыша 27 блок-бекеттің штаттық режимде жұмыс жасап тұрғанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетсек, әлемді жаулаған коронавирус пандемиясына байланысты елімізде 15 наурызда жарияланған Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1854328-klikpen-zruge-seruendeuge-bolmajdy-almaty-policiasy-zaa-mlimdeme-zasady.html