Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шөкеев: Түркістан облысында 7 ауылды су басу қаупі әлі жоғары

Опубликовано:

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкімет отырысында өңірде жеті ауылды су басу қаупі бар екенін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: ТЖК
Фото: ТЖК: Instagram

Шөкеевтің мәліметінше, Өзбекстандағы су қоймасының жарылуы салдарынан өңірдегі 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланған.

"Оның ішінде 6127 тұрғыны бар бес елді мекенді су толығымен басты. Бұл Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас және Достық елді мекендері. Жеті елді мекенде су басу қаупі әлі жоғары. Ал Мырзакент және Ақжолда қауіп сейілді. Тұрғындар үйіне оралды", - дейді облыс басшысы. 

Өңір әкімі 2 мамырда Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын еске салды. Жедел штаб құрылған. Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан отыз мотопомпа, су жинағыш сораптар жеткізілген.

Бұдан бөлек, Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 413 әскери қызметкер мен 37 дана техника тартылды. Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның құтқару батальонынан 320 әскери қызметкер және 26 техника жұмылдырылған.

"Атакент кенті мен Мақтарал, Жамбыл ауылдық округтерінде мектептер базасында 14 қабылдау-эвакуациялылқ пункт ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта оларға 3200 адам орналастырылды, қалғандары туған-туыстарының үйінде", - деді ол. 

Сонымен қатар, Шөкеев эвакуациялық пунктер қажетті құрал-жабдықпен, азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Сондай-ақ, карантинді ескере отырып, халыққа 120 медицина қызметкері көмек көрсетіп жатқанын айта кетті.

Айта кетейік, бірінші мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы екі ауылды су басты.

Орын алған оқиғаға байланысты Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан Түркістан облысында 22 мыңнан астам эвакуацияланғанын хабарлады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854417-skeev-trkistan-oblysynda-7-auyldy-su-basu-kaupi-zogary/

pixel