RU

Ұлы Отан соғысында жау қолына түскен әйгілі қазақ күйшісі қалай аман қалды

Әлем тарихында өшпестей із қалдырып, адамзаттың қорқынышты түсіне айналған екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы жеңіске биыл 75 жыл толды. Жас-кәріге қарамай Отан үшін майданға аттанған азаматтар елді азат ету жолында қасық қаны қалғанша аянбады. Сұм соғыстың ортасында болған жауынгерлер арасында өнер адамдары да болған еді.

Ұлы Отан соғысы: Жау қолына түскен әйгілі қазақ күйшісі қалай аман қалды
Рүстембек Омаров. Фото: аdyrna.kz: Instagram

KAZ.NUR.KZ тілшісі Құрманғазы оркестрінде қызмет еткен талант иелерінің ішінде кімдер соғысқа қатысқанын сұрастырып білді.

1934 жылы Ахмет Жұбанов негізін қалаған қазақ халық аспаптары оркестрінен майдан шебіне аттанған әртістер туралы Құрманғазы оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров айтып берді.

"Құрманғазы оркестрі әртістерінің арасында Екінші дүниежүзілік соғысына қатысып, жауынгер атанған азаматтар жоқ емес. Рүстембек Омаров, Мұхаммед Елемесов, Мәді Көмекбаев, Нұрғиса Тілендиев ағаларымыз сұрапыл соғыстың ащы дәмін татып, елге оралған.

Сондай-ақ, Отан қорғау жолында құрбан болып, қан майданда ерлікпен қаза тапқан Құрманғазы оркестрінің әртістері бар.

  • Атап айтар болсам, Ысмағұл Көшекбаев, Ғабдұлман Матов, Мәлік Жаппасбаев, Ысқақ Уәлиев деген аталарымыз туған жерге оралмай, соғыс алаңында қайтыс болған. Олардың батырлығы біз үшін әрдайым үлгі және мәңгі есімізде.

Осы аталған әртістердің ішінде 1941 жылы майданға аттанған Рүстембек Омаров туралы айтқым келеді. Соғыстың алғашқы күндерінде немістердің тұтқынына түскен ол бес жыл бойы концлагерде отырған.

Майданға аттанар сәтке дейін білім алып, өнерімен елді қуантып жүрген Рүстембек ағамыз жау қолында жатқанда өзі ағаштан домбыра жасап, немістердің назарын барынша аударуға тырысып, түрлі шығармаларды орындап беріп жүріпті.

  • Сол өнерінің арқасында жанындағы өзге тұтқындарға қарағанда қазақ сарбазының жағдайы тәуірлеу болған деседі.

Зұлмат соғыс аяқталған соң қамауда болған сарбаздар сол кездегі заң бойынша Сібірге айдалу керек болатын. Алайда академик Ахмет Жұбанов бірден араша түсіп, Рүстембек Омаровтың оркестр үшін, қазақ өнері үшін қызмет ететін талантты күйші екенін айтып, аман алып қалады.

Тағы бір есіме түскені, 60-жылдардың соңы болса керек, Рүстембек ағамыз оркестрмен бірге Жамбыл облысына гастрольмен барыпты. Сол концертте жеке күй орындамақ болып, сахнаның ортасына қарай беттеген сәтте залдағы бір үлкен кісі орнынан үшып тұрып, жүгіріп келіп Омаровты құшақтай алған.

Артынан әлгі азаматпен Рүстембек ағамыз бір концлагерде отырғаны белгілі болды. Сонда жаңағы кісі "Осы Русақаңның (Рүстембек аға - ред.) домбырасының арқасында бәріміз соғыстан аман қалдық" деген екен.

Рүстембек Омаров көкірегі шежіреге толы адам болған еді. Жұмыс уақытындағы 15 минуттық үзіліс кезінде бәріміз сол кісінің айналасына топтасып, әңгімесін тыңдаушы едік", - деп баяндады Жанас Бекентұров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1854954-ly-otan-sogysy-zau-kolyna-tsken-jgili-kazak-kjsisi-kalaj-aman-kaldy.html