RU

Әр елдің сыншылары карантиндегі театрлар жұмысын талқыға салды

11 мамырда «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» ұйымдастырған «Theatre Online» халықаралық ғылыми конференциясы аясында бірнеше мемлекеттің театр мамандары онлайн режимде бас қосты. Олар күллі әлем театрларының карантин жағдайындағы жұмыс істеу жүйесіне сәйкес заманауи театр тенденциясындағы бірқатар проблемаларды алға тартты.

Халықаралық театр сыншылары бірлестігі «Theatre Online» ғылыми конференциясын өткізді

Коронавирус індетінің таралуына байланысты жер бетіндегі барлық театр ұжымы көрерменімен тек онлайн режимде қауышуға мәжбүр. Театрландырылған жобалар, фестивальдер тоқтатылып, кейінге шегерілгені де бұл саланың өкілдері үшін жағымсыз жаңалық. Дегенмен, пандемия кезінде өнердің барлық саласы өз алдына ерекше даму формасын ұсынуда. Және мұның жағымсыз тұсымен қатар, өз артықшылықтары да бар.

«Конференцияның өзектілігі, ең алдымен, театр қашанда тірі өнер ретінде қабылдануымен байланысты. Бүгінде оның жаңа кезеңі басталды. Виртуалды кеңістікте. Ал, біз театр өнерінің жаңа түрін қабылдауға дайынбыз ба? Заманауи технологиялардың қарқынды дамыған кезінде экран мен ғаламтордың әлеуметтік маңызы артып келеді. Қазіргі таңда көрерменін жоғалтпауға қызмет етіп жатқан театрлар онлайн спектакльдерін ұсынып, әлеуметтік желілерде сұхбат-кездесулер ұйымдастыруда. Оған қоса, карантин кезінде театрал қауым әйгілі театрлар мен режиссерлердің атақты спектакльдерін көру мүмкіндігіне ие болып отыр», - дейді бірлестік жетекшісі, театртанушы Анар Еркебай.
Халықаралық театр сыншылары бірлестігі «Theatre Online» ғылыми конференциясын өткізді

Конференцияға қатысқан театр сыншылары мен практиктері дәл қазіргі театрлық қозғалыс пен оның жолындағы мәселелер жайында сөз сөйледі. Марина Васадзе (Грузия), Моника Баджонеро Диас (Мексика), Сохаил Ахмед Малик (Пакистан), Саид Каземьян (Иран), Зияд Гулиев (Турция), Исрафил Исрафилов, Тарлан Расулов, Айдын Талыбзаде, Видади Гафаров (Әзірбайжан), Христо Стойчев (Болгария), Сания Кабдиева (Казахстан), Кристина Матвиенко, Эмилия Деменцова, Айсылу Сагитова (Россия), Александр Мантуш (Беларусь) және т.б. театр мамандарының қатысуымен өткен онлайн конференция ағылшын және орыс тілінде арнайы екі секцияға бөлініп, өткізілді.

Халықаралық театр сыншылары бірлестігі «Theatre Online» ғылыми конференциясын өткізді

Биыл ғана құрылған «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» ұйымдастырған «Theatre Online» атты ғылыми конференциясы өз миссиясын сәтті орындады. Лаша Чхартишвили, Анар Еркебай, Эльчин Джафаров бастамасымен өткізілген аталмыш онлайн кездесуде бірнеше баяндамалар оқылып, театр өнерінің онлайн тынысы кәсіби мамандар арасында қызу талқыға түсті.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1855278-r-eldi-synsylary-karantindegi-teatrlar-zmysyn-talkyga-saldy.html