Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұмбақ көп": Дубайда қонақ үйде жұмыс істеген 20 жастағы алматылық ару көз жұмды

Опубликовано:

Алматы қаласының тұрғындары еліміздің сыртқы істер министрлігінен көмек сұрайды. Олар бір апта бұрын Дубайда қайтыс болған 20 жастағы қызының денесін Қазақстанға жеткізе алмай отыр. Марқұм Дубайдағы қонақ үйде жұмыс істеген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Видеодан кадр/КТК
Видеодан кадр/КТК: UGC

Алдын-ала болжам бойынша, Умида Сабирова өзіне қол салған. Алайда марқұмның туыстары бұған сенбейтіндерін білдірді. Олар 20 жастағы бойжеткеннің қазасына қатысты "жұмбақ көп" дейді.

Умиданың анасы қаралы хабарды қызымен бірге жұмыс істеген қонақ үй қызметкерлері жеткізгенін айтты.

"Қызымның қайтқанына бүгін 7 күн, Біріккен Араб Әмірліктерінен оның денесін қайтарсыншы. Басқа ештеңе сұрамаймын. Ешкімді айыптамаймыз. Ата-әжесінің жанынан мұсылманша жерлегіміз келеді", - деді Мехриай Сабирова.

Оның айтуынша, қызы өткен жылы тамыз айында Дубайға жұмысқа кеткен. Умида Парсы шығанағында орналасқан қаладағы қонақ үйде хостес қызметіне орналасыпты.

Алматылық ару айлығын үйіне жіберіп, отбасына көмектескен көрінеді.

Әпкесі Манзураның сөзінше, соңғы кезде оның ізіне белгісіз біреулер түсіп аңдыған.

"Умидаға соңғы кезде бірдеңе болғаны анық. Біреу оны қатты қорқытып, аңдыған. Сондықтан үйге қайтқысы келетінін айтты. Қазіргі уақытта барлығын суицидке ысыра салып жатыр. Бізге өлімге қатысты шындық керек емес. Бауырымның денесін жүк таситын ұшақпен болса да, қайтарсыншы. Не болса да, олар өздерін ақтап, шындықты жасыратыны анық", - деді ол.

Осы жылы көктем мезгілінде 20 жасқа толған Умида ағылшын және француз тілдерін жетік меңгерген. Марқұм мектеп жасынан бастап жеңіл атлетикамен айналысып, Алматы қаласының намысын қорғапты. Оның жастар арасында ел чемпионы деген атағы бар.

Умида жеке бапкері Светлана Бодрицкаямен 21 сәуірде тілдескен екен.

"Өте еңбекқор қыз. Соңғы жарты жылдай менің қол астымда жаттықты. Барлық тапсырманы бұлжытпай орындайтын. Колледждегі оқуы мен спортты қатар алып жүрді. Былтыр шілде айында Қазақстан кубогына қатысып, артынша Дубайға кететінін айтты. Болған жайтқа сене алар емеспін", - деді жаттықтырушысы.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Умиданың өліміне қатысты істі бақылауға алғанын хабарлаған.

Ведомство мәліметінше, тергеу жұмыстары екі-үш аптаға созылуы ықтимал. Ал алматылық арудың туыстары карантинге байланысты Дубайға ұша алмай отыр.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, бүгін Түркияда қазақстандық арудың жардан құлап, қаза тапқанын жазған болатынбыз. Бұл ақпаратты еліміздің сыртқы істер министрлігі растады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1855279-zmbak-kp-dubajda-20-zastagy-almatylyk-aru-kajtys-boldy/

pixel