RU

Елордада ақылы бөлімде оқитын ЖОО студенттеріне жеңілдік жасалмақ

Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты басқармасы карантин кезінде ЖОО оқу ақысын төлей алмай отырған студенттердің мәселесін шешуге көмектесті деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Нұр-Сұлтанның жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібектің мәліметінше, бүгінде қалада 1319 университет бітіруші студент оқу ақысын төлей алмай отыр.

"Бұл мәселені шешу үшін ЖОО басшыларымен бірлесе, оқу ақысын төлей алмаған 4 курс студенттерінің төлем мерзімдерін маусым айына дейін ұзартуға келістік", - деді ол.

Одан бөлек, Дәулет Кәрібек университеттер әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге жеңілдік жасайтынын жеткізді.

Бұған дейін Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің 114, технология және бизнес университетінің 72,  ҚазГЗУ – 29, "Тұран-Астана" университеті 15 студентке жеңілдік жасағаны белгілі болды. 

Сонымен қатар, елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы Мәскеу мен Варшавада білім алатын 234 студентті Нұр-Сұлтан қаласына күтіп алу, оларды қонақ үйлерге жайғастыру және басқа өңірлерге жөнелту жұмыстарын жүргізген. 

Еске сала кетсек, осыған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов 3-4 маусым күндері Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау шарасы өтетінін хабарлаған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1855951-elordada-akyly-blimde-okityn-zoo-studentterine-zeildik-zasalmak.html