RU

Діни басқарма жамағатпен оқылатын намазға қашан рұқсат етілетінін айтты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "жамағатпен оқылатын намазға қашан рұқсат етіледі" деген оқырмандардың сұрағына жауап қайырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: wikipedia
Фото: wikipedia: Instagram

Бұл туралы бас мүфти Хабар 24 арнасындағы онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, карантин режимін сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты уақытша шектеулер өз күшінде қала бермек.

"Жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Қасиетті кітабымыз Құранда "Қиындықпен бірге жеңілдік бер. Алла сіздерге жеңілдікті қалайды" деген. Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай режимі аяқталып, халқымыз қалыпты өмірге ауыса бастады. Алайда карантин талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларын аса мән беруіміз керек", - деді бас мүфти.

Еске сала кетсек, осыған дейін бас мүфти 18 мамыр күні мешітке келетін жамағатқа үндеу жолдаған.

Ол 18 мамырда жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттер ашылатынын мәлімдеді.

"Бұл еліміздегі барлық мешіттің есігі ашылады деген сөз емес. Себебі әр облыстағы карантин жағдайы әртүрлі. Бас санитарлық дәрігердің карантин режимін кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысын ұстанудамыз. Сондай-ақ, өңірлердегі коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ол мешітке келетін адамдарға масқа кию мен қолғап тағу және антисептиктік құралдарды жиі қолдану міндетті екенін білдірді.

Одан бөлек, жеке құлшылық жасау кезінде бір жарым метр ара қашықтықты сақтау, Құран оқитын бөлмеде бір жарым метр қашықтықты сақтап отырып, он адамнан артық кірмеу, неке қидыратын бөлмеге төрт адамнан артық кірмеу; мешіт имамдарының кеңесіне құлақ асып, мешітке лек-легімен, кезекпен кіру, мешітке 15 минуттан артық болмау талаптары айтылды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1856009-dini-baskarma-zamagatpen-okylatyn-namazga-kasan-rksat-etiletinin-ajtty.html