RU

Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеушілердің тізіміне енді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 вакцинасын жасаушылар тізіміне Қазақстанды қосты. Отандық ғалымдар вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізе бастаған деп жазады KAZ.NUR.KZ Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

иииии
Фото: NUR.KZ: Original

Еліміз ресми түрде COVID-19 вакцинасын жасаушылар тізіміне енген.

Ведомствоның хабарлауынша, вакцинаны "Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының" қызметкерлері дайындап жатыр.

Ол КВИ жұқтырған қазақстандықтардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалған.

Министрлік басшысы Асхат Аймағамбетов қазақстандық ғалымдарды құттықтады.

"Бұл қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің дәлелі. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуде өзінің жетекші рөлін тағы бір мәрте көрсетті", – деді министр.

Енді вакцинаны жасаушы отандық ғалымдардың алдында оны клиникаға дейінгі бірқатар сынақтардан өткізу міндеті тұр.

Сонымен қатар министрлік аталмыш ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері өндіріске енгізілген ондаған вакциналарды, тест-сынақ жүйелерін және биологиялық өнімдерді жасап шығарғанын да атап өтті.

Айта кетейік, 18 мамыр күнге дейінгі ақпаратқа сай, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 6440 адам тіркелген. Айта кету керек, ақ халаттылар науқастардың жартысын емдеп жазған.

Ал әлемде 4,7 миллионнан аса адам коронавирус жұқтырған. 315 мыңнан астам пациент COVID-19-дың құрбаны болған. Ауруды еңсергендер саны 2 миллион адамға жетті. Бірнеше елдің ғалымдары COVID-19 вакцинасын жасауда.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1856267-kazakstan-koronaviruska-karsy-vakcina-zirleusilerdi-tizimine-endi.html