Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көңілінде қияудай жамандық жоқ": Берік Уәли әріптесі Бейсен туралы естелігімен бөлісті

Опубликовано:

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы, белгілі журналист Берік Уәли 2000 жылдардың басынан бері телевизия саласында қатар жұмыс істеген әріптесі Бейсен Құранбек туралы естеліктермен бөлісті. Ол қазақ журналистикасы ғана емес, жалпы ұлт руханияты үлкен қайғыны бастан өткеріп отырғанын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Көңілінде қияудай жамандық жоқ": Берік Уәли әріптесі Бейсен туралы естелігімен бөлісті
Бейсен Құранбек, Берік Уәли. Фотоколлаж: KAZ.NUR.KZ: Original
"Орны толмас қаза, өзекті өртер өкініш. Бейсен жылы жүзімен баршамыздың жүрегімізді жылытқан аяулы азамат еді.
  • 2000 жылдардың басынан бері телевизия саласында қатар жұмыс істедік. 31 телеарнаның «Информбюросында», кейіннен «Хабар» телеарнасында бірге жұмыс жасадық, бір кабинетте отырдық. Бір-бірімізге тілеулес болдық.

Ол жақсылықтың жаршысындай жігіт еді. Көңілінде қияудай жамандығы жоқ ақкөйлек азамат болатын.

Алғашқы перзенті дүние есігін ашқандағы қуанышын көрдім. Кейін де талай дәмдес болдық. Бір-бірімізге жүргізген хабарларымыз жайында үнемі жылы пікір білдіріп, жанашыр боп жүретінбіз.

Бейсен жалпы қай қазақтың болмасын жақсылығына, жетістігіне қуанып отыратын. Жаны жаралы, өмірдің тоқпағын көрген жандарға қолынан келгенше көмектесуге асығып тұратын.

Төртінші мүшелінде, 49 жасында беймезгіл өмірден өтіп, келмес сапарға аттанып кетіпті. Өкінішті, әрине. Бірақ Құдайдың ісіне шара бар ма?!

Дұға жасап, Жаратушыдан рақым тілегеннен басқа қолымыздан келер қайран жоқ. Бақұл бол, Бейсен!", - деп жазды Берік уәли өз парақшасында.

Естеріңізге сала кетсек, 18 мамыр күні таң атысымен белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің қайтыс болғаны жайлы қаралы хабар келіп түсті. Ол небәрі 49 жасына қараған шағында өмірден озды.

Күллі елге сыйлы болған журналисті соңғы сапарға шығарып салу облыстық деңгейде өтетіні хабарланды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ол үшін арнайы комиссия құрды.

Еліміздегі танымал тұлғалар қазақ журналистикасы үшін қаралы күн екенін айтып, Бейсен Құранбектің қазасына аза тұтты. Олар бірінен соң бірі журналистің отбасы мен туғандарына көңіл айтты.

Оған қоса, Дана Нұржігіт әріптесі әрі жақын досы болған Бейсен Құранбек жайлы жазбасымен бөлісіп, оны қараған емшінің не айтқанын жария етті.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде беделді тележүргізушінің қазасына қайғыра көңіл айтып, жеделхат жолдады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856349-kilinde-kiaudaj-zamandyk-zok-berik-uli-riptesi-bejsen-turaly-esteligimen-blisti/

pixel