RU

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы Өскемендегі ағасын тапты (фото)

Таяуда ғана әлеуметтік желі арқылы Өскемен қаласындағы туған-туыстарына іздеу салған Теодор Уолтон есімді америкалық жас жігіттің Қазақстандағы туған ағасы табылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Теодор мен Рүстем. Фото: altaynews.kz
Теодор мен Рүстем. Фото: altaynews.kz: Depositphotos

Естеріңізге сала кетейік, 2001 жылы Қазақстанда дүниеге келген Теодорды 1 жасқа толғанда АҚШ азаматтары асырып алған. Дегенмен, өгей ата-анасы оның ұлты кім екенін, туған жері қайда екенін еш жасырмаған. Бүгінде оның жасы 20-ға жеткен.

Жуырда Теодар Facebook-парақшасында өзінің Марат Тоқтарұлы Оразғалиев екенін жазып, бала күнінде ағасымен және әпкесімен түскен суреттерді жариялап, оларға іздеу салған болатын.

Араға екі күн салып оның туған ағасы табылып отыр.

Белгілі болғандай ШҚО Білім басқармасының Қорғаншылық, қамқоршылық және интернат ұйымдары бөлімінің мамандары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ағайындыларды бір-бірімен байланыстырған.

Анықталғандай, Теодордың ағасы Күршім ауданында тұрады. 22 жастағы Рүстем Оразғалиев бауыры табылғанына әуел баста сене алмаған.

"АҚШ жігіті қазақстандық бауырын іздеп жатыр" деген жазбадағы фотода тұрған менмін, жанымдағы немере әпкем. Туған інім бар екенін, оны америкалықтар асырап алғанын 7-8 сыныптарда естіп білдім. Бірақ маған АҚШ-тан бауырымды табу бос қиял болып көрінгені рас. Сөйтсем, өмірде бәрі болады екен ғой", - дейді Рүстем.
Теодордың facebook желісіне салып, туыстарына іздеу салған фото/facebook.com/groups/KazakhAmericanAssociation
Теодордың facebook желісіне салып, туыстарына іздеу салған фото/facebook.com/groups/KazakhAmericanAssociation: Depositphotos

Ағасы мен бауыры ғаламтор арқылы сөйлесуде. Бір-біріне қояр сұрақтары көп. Енді карантин аяқталған соң Теодор туған жеріне құстай ұшып жетпек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1856753-mirde-bri-bolady-eken-goj-amerikalyktar-asyrap-algan-kazak-balasy-skemendegi-agasyn-tapty.html