Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аяғынан ұстап үлгерді": Қостанайлық студент терезеден құлаған баланы құтқарып қалды

Опубликовано:

Қостанай облысының Жітіқара қаласында Темірлан Әбдіғалиев есімді жас жігіт көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен сәбиді ажалдан арашалап қалды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі: Facebook

Полицияға қаланың 7-шағын ауданындағы үйдің үшінші қабатынан сәбидің құлап кеткені туралы хабар түскен. Абырой болғанда, терезеден құлаған баланы қала тұрғыны Темірлан Әбдіғалиев ұстап қалған.

"Сол күні Темірлан қарсы тұрған үйдің терезесінде шамамен үш жасар сәбидің тұрғанын көрген. Ол ойланбастан көмекке жүгірген. Сәлден соң сәби төмен қарай құлап кеткен. Абырой болғанда, Темірлан оның аяғынан ұстап үлгерді", - дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің бас маманы Кенже Қонысбай.

Темірландің өзі бұл жағдайды ешқашан ұмытпайтынын жеткізді.

"Сәбидің құлағаннан кейін маған шошына қараған жанарын ешқашан ұмытпаспын... Ол асфальтқа құлағанда жағдайы қандай болатынын елестетудің өзі қорқынышты", - деп еске алды жас жігіт.

Аудандық полиция бөлімі Темірланның батыл әрекетін ескерусіз қалдырған жоқ.

Жітіқара аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов студент жігіттің анасы Анар Шакуроваға алғыс хат табыс етіп, ұлына белсенді азаматтық ұстанымы және адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірді.

Қазір Темірлан Ақтөбе қаласында медициналық колледждің үшінші курсында оқиды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында 19 жастағы жігіттің өзенге ағып кеткен баланы құтқарып қалғанын жазғанбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1856778-aagynan-stap-lgerdi-kostanajlyk-student-terezeden-klagan-balakajdy-ktkaryp-kaldy/

pixel