RU

Қарашығанақ кенішінде карантин жарияланды

"Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в." компаниясы аумағында 5 маусымға дейін карантин енгізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Қарашығанақ кенішінде карантин жарияланды
Фото: NUR.KZ: Original

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 23 мамырдағы қаулысына сәйкес, кеніш аумағында жұмыс істейтін қызметкерлер мен өндірістік қызметке тартылған, азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, жанар-жағар май және басқа қажетті материалдарды тасымалдайтын көлік құралдарын қоспағанда, өзге көлік құралдарының кіріп-шығуына тыйым салынды.

Барлық көлік құралдарында рұқсат құжаттары болуы тиіс, санитарлық өңдеуден өтіп, тіркелуі қажет.

Түнгі ауысымда жұмыс істейтіндерді, оларды тасымалдайтындарды, әкімдік, құқық қорғау органдары, жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық, өрт сөндіру, апаттық және басқа өмірлік қамтамасыз ету нысандары қызметкерлерін қоспағанда, адамдардың вахталық қалашықтардың ішінде, олардың арасында сағат 19.00-ден 07.00-ге дейін жүріп-тұруына тыйым салынды.

Кенішке жаңадан келетін еңбек мигранттары оқшаулану талаптарын сақтай отырып, өзге қызметкерлерден бөлек орналасатын болады.

Бөрілі ауданы әкімдігі провизорлық және карантиндік стационарлар қызметін, оған жатқызылатын адамдарды тасымалдауды қамтамасыз етіп, барлық вахталық қалашықта түсінік жұмыстарын жүргізеді, шектеу шараларын бұзушылық орын алған жағдайда өз құзыреті шегінде шара қолданады.

Сондай-ақ кеніш аумағында санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, барлық тазалық және сақтық шаралары қолға алынбақ.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, елімізде тағы209 адамнан коронавирус анықталып, COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 8531-ге жетті.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857246-karasyganak-kenisinde-karantin-zarialandy.html