RU

Алматы блок-бекетіндегі жол апаты: Екінші полицей қайтыс болды

Бүгін таңертең Алматыдағы №4 блок-бекеттегі жол апатынан зардап шеккен екінші полиция қызметкері қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалғас Жанғазиев (сол жақта) және Дастан Әбдіқанов (оң жақта). Фото: Алматы қаласы ПД
Жалғас Жанғазиев (сол жақта) және Дастан Әбдіқанов (оң жақта). Фото: Алматы қаласы ПД: Depositphotos

Ведомствоның мәліметінше, сержант Дастан Әбдіқанов есін жимаған күйі ауруханада көз жұмған.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.

BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.

Оқиға орнында алған жарақаттарының салдарынан полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болды. Ол 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 20 жылға жуық уақыт құқық қорғау органдарында қызмет етіп келген. Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Ол оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді.

Марқұм полицей 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ішкі істер саласындағы қызметін 2016 жылы бастаған. Оның артында жұбайы мен 1 айлық сәбиі қалды.

Полиция BMW жүргізушісінің мас күйде болуы мүмкін екенін де атап өткен еді. Қазіргі уақытта ол қамауға алынған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857257-almaty-blok-beketindegi-apat-ekinsi-policej-kz-zmdy.html