RU

"Маңғыстаулық вундеркинд" бір айда барлық елдердің астанасын жаттап алған

Маңғыстау облысының 6 жасар мектеп оқушысы карантин кезінде уақытын босқа өткізбеген. Бар болғаны бір ай ішінде ол әлемнің барлық елдері мен олардың астаналарын жаттап алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жігер Берікбайұлы. Кадр: "Хабар 24"
Жігер Берікбайұлы. Кадр: "Хабар 24": UGC

Бірінші сынып оқушысы Жігер Берікбайұлы туралы сюжетті "Хабар 24" телеарнасы көрсетті.

"Маңғыстаулық вундеркинд" карантин алдында көшеде жатқан атлас картасын кездейсоқ тауып алып, содан географияға деген қызығушылығы оянған. Әлемнің барлық елдері мен олардың астаналарын бар болғаны бір ай ішінде жаттап алғаны таңғалдырады.

Сондай-ақ, ол әлем елдерінің астаналарын жатқа айтып қана қоймай, орналасқан жерін картадан көрсетіп береді. Тіпті, жер бетінде қанша мұсылман мемлекеті барын, қорғаныс күштері жоқ шағын елдерді де жетік білетін болып шықты.

Әлемдегі 252 мемлекеттің атауын толық білетін Жігер ендігі кезекте ел басқарушы тұлғалардың есімдерін жаттауға кіріскен.

Дарынды баланың ерекше есте сақтау қабілетін мектеп директоры да атап өтті.

"Бұл бала мектеп табалдырығын аттағанда, екінші сынып оқушысының оқу шапшаңдығымен бірдей деңгейде оқып келді. Содан кейін сабақ барысында ол есте сақтау қабілетінің жоғары екенін байқатты. Мұғалімнің сабақта оқып берген өлең шумақтарын, болмаса жаңылтпаш-жұмбақтарын тез арада жаттап, қайталап айтып беріп отырды", – дейді Мұнайлы ауданы №9 жалпы білім беру мектебінің директоры Гүлжан Асамадинова.

Жігердің әкесі мал ұстап, құс бағып, ет-жұмыртқасын саудаға шығарады. Үнемі қасында жүріп, көргенін көңіліне түйіп, өзінің қолғанатына айналған ұлына дән риза.

Ал әжесі болса, немересінің сұрақтарына жауап беру үшін өздері де әлем картасын үйреніп жатқандарын жеткізді. Айтуынша, балақай өскенде саяхатшы болуды армандайды екен.

"Маңғыстаулық вундеркинд" биыл екінші сыныпқа барады. Ұстаздары дарынды баланы мектеп сайыстарынан қалдырмауға уәде беріп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордалық 17 жастағы егіздердің әлемнің 11 университетінен оқуға шақырту алғанын жазғанбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857330-magystaulyk-vunderkind-bir-ajda-barlyk-elderdi-astanasyn-zattap-algan.html