RU

"Туыстарына қонаққа барған": Екібастұзда коронавирустың таралу ошағы анықталды

Екібастұз қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанатбек Тоқатов шаһардағы коронавирус инфекциясының көп таралуының себептерін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Оның айтуынша, коронавирус жұқтырған алғашқы науқас Екібастұзға астанадан келген.

Індет анықталған адамды тез арада ауруханаға жатқызып, оқшаулағаны белгілі болды. Осының арқасында инфекцияның таралуы төменгі деңгейде өтті.

Ал елордадан келген басқа жергілікті тұрғын туыстарының үйлеріне қонаққа барған.

"Нұр-Сұлтаннан келген әйел төтенше жағдайға қарамастан туыстарының үйіне барып, жақындарына коронавирус жұқтырды. Осыдан кейін әр түрлі жерлерден вирус ошағы табылды. Яғни, бұл 4 жағдай қаламыздағы коронавирустың таралуына себеп болды", - Екібастұз қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Екібастұзда коронавирус жұқтырғандар саны 122-ге жеткен. Оның 92-cі вирустан емделіп, ауруханадан шықса, 1 адам көз жұмды.

Тоқатов науқастар санының артуына қоғамдық орында халықтың көп жүруі, жеке гигиена талаптарды, бетперде режимін және қашықтықты сақтамауы себеп болып отырғанын жасырмады.

"Тұрғындарға қолды жиі жуу қажет. Антисептикті пайдаланып немесе бірреттік қолғап киіп, адамдар көп жиналған жерде тұрмау қажет. Қала тұрғындарына өздерінің өмір сүру салтын өзгерту керек", - деді ол.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, коронавирусқа шалдыққандардың барлығы тексеріледі.

Ол бұл індет тұмау сияқты маусымдық болуы мүмкін екенін болжады.

"Сол себепті бізге өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына деген көзқарасымызды түбегейлі өзгерту қажет. Өзімізді күтіп, аурудың кішкентай белгілері шыққан сәттен-ақ медициналық көмекке жүгініп, өздігінен емделуден аулақ болу керек. Өйткені медициналық көмекке неғұрлым тезірек жүгінсеңіз, соғұрлым асқынудың алдын алуға болады, - деді Тоқатов.

Еске сала кетсек, соңғы дерек бойынша, елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 8969-ға жетті.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857475-tuystaryna-konakka-bargan-ekibastzda-koronavirusty-taralu-osagy-anyktaldy.html