RU

Путин Тоқаевты Жеңіс парадына шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Depositphotos

Әңгімелесу барысында тараптар COVID-19 пандемиясына қатысты қазіргі ахуал мен індеттің таралуына қарсы күреске байланысты екі елдің қабылдаған шаралары жөнінде пікір алмасқан.

Сонымен қатар мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ықпалдастықты талқылаған.

Әңгіме соңында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты 24 маусым күні Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырды.

Қазақстан президенті шақыртуды ризашылықпен қабыл алған.

Телефон арқылы сөйлесуге Ресей тарапы бастамашы болған.

Айта кетейік, күні кеше мемлекет басшысы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен еді.

Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары бірін-бірі барша мұсылманның қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтап, бауырлас қазақ-түрік халықтарына бақ-береке тілеген болатын.

Сондай-ақ, тараптар COVID-19 індетіне қарсы күресте екі ел үкіметтерінің қабылдаған нақты шараларын талқылаған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857580-putin-tokaevty-zeis-paradyna-sakyrdy.html