RU

Шымкентте карантин кезінде серуендеп жүрген қалыңдық пен күйеу жігіт ел назарын аударды (видео)

Әлеуметтік желіде той көйлегімен Шымкенттегі саябақта серуендеп жүрген қалыңдық пен күйеу жігіттің видеосы тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Оқырмандардың басым бөлігі карантин ережесін сақтамаған жастардың әрекетін сынға алған. Полицияға мән-жайды анықтауға тура келген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: pixabay.com және видеодан кадр
Фото: pixabay.com және видеодан кадр: Instagram

Желіде тараған видео кадрынан күйеу жігіт пен қалыңдықтың қол ұстасып саябақтан шығып келе жатқанын, оларды таспаға түсіріп жүрген операторларды да байқауға болады.

Видеоны көрген желі қолданушыларының басым бөлігі карантин талаптарын сақтамаған жастарды сынға алған. Арасында оларды қолдағандар да табылған.

Желіде тараған видеоға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті пікір білдірді.

Құзырлы орган дендросаябақтың алдында серуендеп жүрген жастардың жеке бастарын анықтағанын мәлім етті. Олар өз әрекетін тойдың алдындағы дайындық барысымен түсіндірген. Яғни арнайы фотосессия жасап, бейнеролик түсірген екен.

"Тойды карантин режимі аяқталғаннан кейін өткізуді жоспарлауда.
Алайда бетпердесіз жүріп, карантин режимін бұғаны үшін полиция қызметкерлері ол азаматтармен профилактикалық сұхбат жүргізіп, олардан түсініктемелерін алған.
Оларға қатысты тиісті шара қабылдау үшін жинақталған әкімшілік іс құжаттар санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне жолданатын болады", - деді ведомство.

Еске сала кетсек, осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларда карантин шаралары сақталмағандықтан вирус жұқтырғандар саны артып жатқанын мәлім еткен еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857618-symkentte-karantin-kezinde-seruendep-zrgen-kalydyk-pen-kjeu-zigit-el-nazaryn-audardy-video.html