RU

Алматы блок-бекетіндегі полицейлердің өлімі: BMW жүргізушісі екі айға қамалды

Өткен дүйсенбіде оңтүстік астанадағы блок-бекетте болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы екі полиция қызметкерінің өмірін қиды. Қайғылы оқиғаға себепкер болған BMW автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Telegram және Polisia.kz
Фото: Telegram және Polisia.kz: UGC

Жүргізушінің қамауға алынғаны туралы мәлімет "ҚазАқпараттың" Telegram-арнасында пайда болды.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.

BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.

Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.

Осыдан кейін күдіктіге қатысты әлеуметтік желіде түрлі деректер шықты. Оның тәртіп сақшысы болғандығы да айтылды.

Осыған байланысты Алматы полиция департаменті пікір білдірі, жантүршігерлік жол апатына күдікті - полиция қызметкері деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ал кеше құзырлы орган жол апатына кінәлі азаматтың бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенін растады. Департамент күдіктінің осыған дейін өз қызметіне салғырт қарағаны үшін жұмыстан қуылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ бүгін оңтүстік астана әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн-брифинг барысында блок-бекеттігі жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған тәртіп сақшыларының отбасына пәтер беріліп, қаржылай қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857770-almaty-blok-beketindegi-policejlerdi-limi-bmw-zrgizusisi-eki-ajga-kamaldy.html