RU

Министр блок-бекетте қаза тапқан полицейлердің үйіне барды (фото)

Ішкі істер министрлігінің басшысы Ерлан Тұрғымбаев қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған полицейлердің туыстарына мемлекеттік наградаларды тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы блок-бекетте қаза тапқан полицейлердің үйіне барды (фото)
Фото: polisia.kz: Getty Images

Марапаттау туралы жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Қызметтік борышын үлгілі орындағаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін Алматы қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторы Жарас Жанғазиев қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен, Алматы қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкінің полицейі Дастан Әбдіқанов қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.

"Ішкі істер министрлігінің барлық жеке құрамы сіздің қайғы-қасіретіңізді бірге бөліседі. Балалар әкелерінен, әйелдер жұбайларынан, ата-аналар ұлынан айырылды. Біз үшін де бұл орны толмас қаза. Қызмет барысында қаза болғандардың екеуі де өздерін жауапты және тәртіпті қызметкер ретінде көрсетті, олар үшін қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік және халықты қорғау бәрінен жоғары тұрды.
Екі айдан астам уақыт бойы олар күшейтілген режимде жұмыс істеді. Полиция мамандығын таңдаған соң бүкіл өмірін халық пен Отанға қызмет етуге арнады. Ең жақсы қызметкерлерден айырылу - өте ауыр жағдай. Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанов өз борышын лайықты әрі адал орындаған парасатты полицейлер ретінде әріптестерінің есінде мәңгі қалады", – деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы блок-бекетте қаза тапқан полицейлердің үйіне барды (фото)
Фото: polisia.kz: Getty Images

Қаза тапқандардың туыстары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ІІМ басшылығына қолдау көрсеткендері үшін ризашылықтарын білдірді. Соңында ІІМ басшысы Алматы полициясы департаментінде кеңес өткізді.

Жиналыс барысында ол аумақтық бөлімшенің басшылығын қатаң сынға алып, бірқатар қызметкерге қатысты қабылданған қатаң шараларды атап өтіп, ішкі істер министрі қызметтік тәртіпті бұзуға жол берілмейтінін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857775-erlan-trgymbaev-almatydagy-blok-bekette-kaza-tapkan-policejlerdi-jine-bardy-foto.html