RU

Теміртауда жолаушылары бар автобус жолдан ұшып кетті (видео)

Теміртауда қоғамдық көлік жолдан ұшып кетті. Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 19 адам болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қарағанды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Теміртауда жолаушылары бар автобус жолдан ұшып кетті
Фото: Видеодан кадрлар: UGC

Жантүршігерлік жол апаты 27 мамырда болған. Автобус жүргізушісі рөлді басқара алмай, кюветке ұшып кеткен.Салдарынан қоғамдық көлік жыраға түскен.

Зардап шеккен жолаушылардың эвакуацияланған сәтінің видеосы әлеуметік желіде тарады. Оқиға куәгерлері жол апаты көлік тежегіші істен шыққаннан немесе жүргізушінің жүрек талмасы ұстағандықтан болуы мүмкін деп отыр.

"27 мамыр сағат 18.53-те Теміртау полиция басқармасы кезекші бөлімінің 102 пультіне оттегі цехының ауданында автобус кюветке шығып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. 33 жастағы көлік жүргізушісі рөлді басқара алмаған автобус салонында 19 жолаушы болған, олардың жетеуі түрлі дене жарақатын алған. 47 жастағы және 62 жастағы жолаушылар медициналық мекемеге жеткізілді", - деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Оқиға орнында жол-көлік қызметі қызметкерлері жұмыс істеуде. Факт полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Айта кетейік, Алматы қаласында екі полицейдің өліміне себепкер болған жол апаты жайлы тың дерек шықты. Атап айтқанда, екі айға қамалған күдіктінің ісі "жол апаты кезіндегі кісі өлімінен" "қасақана кісі өлтіру" бабына өзгерген және қанды оқиға орын алған күні "Сергек" камералары істен шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857826-temirtauda-zolausylary-bar-avtobus-zoldan-syp-ketti-video.html