RU

"Оңай тірлік емес": Отандық ғалым елімізде коронавирусқа қарсы вакцина қалай әзірленіп жатқанын айтты

Бүгінде бірқатар елдің ғалымдары дүние жүзін жайлаған коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуге белсене кірісіп кеткен. Олардың қатарында қазақстандық ғалымдар бар. Осы орайда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті аурулар зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетов COVID-19 қарсы препарат елімізде қалай әзірленіп жатқанын айтып берді хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан сілтеме жасап.

Фото : Леспек Құтымбетовтің жеке мұрағатынан
Фото : Леспек Құтымбетовтің жеке мұрағатынан: Instagram

Қазақстандық ғалымдар коронавирус инфекциясына қарсы препаратты әзірлеуге 23 наурызда кіріскен. Ол үшін вирус жұқтырғандардың қанынан, мұрнынан сынама алып, одан вирус қоздырушысын бөліп шығарған.

Леспек Құтымбетовтің айтуынша, вакцина жасау үшін кемінде жарты жыл уақыт керек.

"Бірақ біз бар күшімізді салып, екі айда "өлтірілген" немесе инактивтелген вакцина әзірледік. Неге "өлтірілген" вакцина деп аталады? Алдымен, маймылдың ағзасынан алынған клетканы зертханалық ыдыста өсіреміз. Кейін сол клеткаға вирусты тастап, оны көбейтіп аламыз.
Көбейген вирусты химиялық немесе физикалық жолмен өлтіреміз. Біз химиялық жолды таңдадық. Өлген вирусқа иммунитетті күшейтетін химиялық заттар қосып, вакцина дайындап шығарамыз. Әрине, ауызбен айтуға оңай, бірақ мұны әзірлеу оңай тірлік емес. Аянбай тер төгіп, зерттеу жүргізуді қажет етеді", - дейді профессор.

Ғалым вакцинаны жаппай қолданысқа енгізу үшін препарат бірнеше сатылы сынақтан өтуі керек екенін мәлім етті. Қазір зертханалық тәжірибелер тышқандар мен қояндарға жүргізіліп жатыр.

"Клиникаға дейінгі сынаққа адамның қатысы жоқ. Бұл жерде зертханалық жануарлар қатысады. Тышқаннан бастап, қоян, атжалман, теңіз шошқасы, мысықтар мен иттер. Қазіргі уақытта біз вакцинаны тышқандар мен қояндарға салдық. Әзірге нәтиже жаман емес", - дейді Құтымбетов.

Зерттеуші клиникаға дейінгі сынаққа маймылдар да қатысатынын айтты. Оның сөзінше, маймылдарға тәжірибе Ресейде жасалады. Көрші елмен арада келісім бар, ақша бөлініп, барлығы ұйымдастырылса, отандық вакцина маймылдарға егіледі.

Ол бұл бір-екі ай уақытты алатын жұмыс екенін айтады.

Осыдан кейін клиникалық сынақтың басталады. Ал оған адамдар қатысады.

Ол үшін денсаулық сақтау министрлігімен келісіліп, хабарландыру жасалады. Екпе егілген еріктілердің денсаулығын медицина қызметкерлері бақылап отырады.

Клиникаға дейінгі сынақтың өзі төрт кезеңнен тұрады екен. Бірінші сатысында тәжірибеге қырық адам қатысса, екінші кезеңде – сексен, осылай қатысушылар саны арта береді.

Құтымбетовтің айтуынша, көбінесе ғалымдар вакцинаны өзіне сынайды. Ал негізі, препараттың сапасын тексеру үшін оны жастарға, үлкендерге, созылмалы ауруы бар адамдарға салып көрген дұрыс.

"Әдетте мұндай вакциналарды сынақтан өткізу бір-екі жылға дейін созылады. Қазіргі кезде біз тәжірибеміздің арқасында қысқа жолдармен жүріп, уақыт үнемдеудеміз. Бізді асықтыруға болмайды. Егер асығыстық танытсақ, вакцинаның сапасы нашар болады. Сол себепті вакцина әзірлегенде, барлық қыр-сырын, бүге-шүгесіне дейін анықтау керек", - дейді ғалым.

Профессор кейбір елдер тышқандармен сынақты аяқтағаннан кейін, бірден адамдарға салуға дайын отырғанын мәлім етті.

Соныме қатар ғалым сұхбат барысында вирустың нақты неден тарағанын дөп басып айту қиын екенін де жеткізді.

"Нақты неден тарағанын дөп басып айту өте қиын, ешкім анықтай алмайды. Генетикасын зерттеген уақытта, бір шетінде жыланның, бір бөлігінде жарқанаттың гені барын көрсетті деді кейбір зерттеушілер. Екеуі қосылып, мутант пайда болған. Бәлкім, бұл болжам дұрыс та шығар, кім білсін.
Жануарлардан адамға тараған болуы мүмкін немесе адамның ағзасында бұрыннан келе жатып, биологиялық қасиеті өзгерді де, патогендік зарарлығы жоғарылап кетті. Табиғатта бәрі бола береді, біз оны көзбен көрмейміз", - дейді Леспек Құтымбетов.

Ғалымның сөзінше, коронавирустың бұл түрі бұған дейін тараған SARS вирусына қатты ұқсайды екен. Генетикасында айырмашылық бар, бірақ биологиялық қасиеттері өте ұқсас.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік ғалымдардың коронавирусқа қарсы вакцинасы сынақтан сәтті өткенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857897-oaj-tirlik-emes-otandyk-galym-elimizde-koronaviruska-karsy-vakcina-kalaj-zirlenip-zatkanyn-ajtty.html