RU

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл карантинге жабылды

Батыс Қазақстан облысында ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Тасқала ауылы карантинге жабылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

Бұл туралы аудан әкімі Алдияр Халелов өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.

Ол өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, облыс аумағында карантин режимі 2020 жылдың 15 маусымына дейін ұзартылғанын атап өтті.

Айтуынша, қазіргі таңда аудан аумағында вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр.

"Ауданымыздағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты және ауданда вирус жұқтырғандар санының соңғы тәулікте 3 адамға өсуіне байланысты, аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 27 мамырдағы қаулысына сәйкес Тасқала ауылын ағымдағы жылдың 28 мамыры сағат 00:00-ден бастап карантинге жабу туралы шешім қабылданды", – деп мәлімдеді Халелов.

Бүгінде Тасқала ауылдық округінде 19 адамнан коронавирус анықталған, оның тоғызы індеттен толықтай жазылып шыққан.

Сонымен қатар, басқа елден және басқа аймақтан келген 28 ауыл тұрғынынан инфекция анықталып отыр.

"Құрметті аудан тұрғындары! Халқымызда "Жұмыла көтерген жүк жеңіл", демекші бұл күрделі кезеңнен аман-есен шығуымыз әрқайсымыздың қолымызда. Сондықтан да сіздерден қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, сақтық шараларын қатаң сақтап, үнемі бетперде мен қолғап киіп, антисептик қолдануларыңыз және басқа да санитарлық талаптарды сақтауларыңыз сұралады!", – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 9576 адамға жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857944-bastys-kazakstan-oblysyndagy-auyl-karantinge-zabyldy.html