RU

Қазақстанда 15 жасқа дейінгі балалар ұшақпен тегін қатынауы мүмкін

Ел ішінде ұшақпен қатынайтын қазақстандықтарға өздерімен бірге 15 жасқа дейінгі балаларды бортқа ақысыз алып кіруге мүмкіндік беретін жоба бюджеттік комиссияның қарауына жіберілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Қазақстанда 15 жасқа дейінгі балалар ұшақпен тегін қатынауы мүмкін
Көрнекі фото: pixabay.com: Facebook

Әуе жолдары саласында енгізілуі жоспарланған жаңашылдық туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы хабарлады.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба кез келген ересек қазақстандыққа 2 жастан 15 жасқа дейінгі екі баланы өзімен бірге бортқа алып кіруге мүмкіндік береді.

"Қазақстандықтарды ел ішінде демалуға ынталандыру үшін біз "KIDS GO FREE" жобасын әзірледік. Республикалық бюджеттік комиссия қарауы үшін қаржы министрлігіне енгіздік", – деді Kazakh Tourism өкілдері.

Бұл бастама Kids Go Free деп атауға ие болды. Жобаны жасаушылар осылайша Қазақстанның ішкі туризмін дамытып, қазақстандықтарды туған елдің өңірлеріне саяхат жасауға ынталандырамыз деп сенеді.

Ұлттық компанияның деректеріне сүйенсек, бұл жаңашылдық демалысқа кететін шығынды 30%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

100 мың отбасы немесе 600 мың қазақстандық үшін 7,6 миллиард теңге субсидияланған кезде 33 миллиард теңгеден астам қаржы ел экономикасына түседі. Яғни, Қазақстан экономикасына бір теңге субсидияға 5 теңге келеді.

Қазақстан ҰЭМ статистика комитетінің мәліметі бойынша, былтыр ішкі туристің орташа чегі 108 мың теңгені құраған көрінеді.

Еске салсақ, азаматтық авиация комитеті халықаралық рейстерге билет алушыларға үндеу жасады. Мамандардың айтуынша, әуе билеттерін сату және сатып алу халықаралық рейстердің ашылғанын білдірмейді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858047-kazakstanda-15-zaska-dejingi-balalar-sakpen-tegin-katynauy-mmkin.html