RU

"Көлігі аударылған": Көкшетауға жақын жерде полиция басшысы жол апатынан көз жұмды

Ақмола облысында полиция қызметкерлері жол апатына ұшырады. Соның салдарынан бір адам қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: UGC

31 мамыр күні таңертең Көкшетау қаласының маңындағы айналма жолда жеке көлік аударылды. Онда үш полиция қызметкері болған.

Облыстық полицияның баспасөз қызметі жол апатын жоққа шығармады.

Хабарламада Көкшетау қалалық полиция департаменті тергеу бөлімінің басшысының көз жұмғаны айтылған. Марқұм 1990 жылғы ер адам.

Дәрігерлердің сөзінше, оқиға орнында қаза тапқан тәртіп сақшысының бас сүйегінде политравма болған.

Одан бөлек, 1993 жылы туған тағы бір полиция қызметкері көпсалалы облыстық ауруханада жатыр.

  • Оның миы шайқалып, омыртқасынан жарақат алған. Үшінші тәртіп сақшысы ауруханаға жатудан бас тартқаны белгілі болды.
Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалуда.

Облысқа ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы келген.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.

BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.

Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858326-kligi-audarylgan-kksetauga-zakyn-zerde-policia-bassysy-zol-apatynan-kz-zmdy.html