RU

Ата-аналарға балаларын ҰБТ өткізу пунктерінде күтуге тыйым салынады

Ата-аналардың балаларын Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде күтуіне тыйым салынады. Бұл туралы үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Ата-аналарға балаларын ҰБТ өткізу пунктерінде күтуге тыйым салынады
Көрнекі фото: abctv.kz: Instagram
"Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз.
ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады", – деді министр.

Аймағамбетовтың айтуынша, коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.

"Біріншіден – тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден – аяқкиімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші – еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші – әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші – бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру.
Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерде сақталатын болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов биыл енгізілген жаңашылдықтар туралы айтқан еді.

Сонымен қатар биылғы ҰБТ кезінде түлектің тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858485-ata-analarga-balalaryn-bt-tkizu-punkterinde-ktuge-tyjym-salynady.html