RU

Вашингтондағы наразы жұрт Трамптың отставкаға кетуін талап етті

АҚШ астанасы Вашингтон қаласында сағат 19.00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 05.00-де) басталған коменданттық сағатқа қарамастан Ақ үйдің алдында наразылық акциясы өтіп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы РИА Новости-ге сілтеме жасап.

Вашингтондағы наразылық білдірушілер Дональд Трамптың отставкаға кетуін талап етті
Фото: Вести: UGC

Ақ үйдің шатырынан форма киген, болжам бойынша қаруланған адамдар жиналғандарды бақылап тұр. Полиция белсенді шара қолданып жатқан жоқ.

Демонстранттар "қолыңды көтер – атпа!" деп ұран салуда, басқасы коменданттық сағатқа қарсы балағат сөздер жаудырып жатыр, президент Дональд Трамптың отставкаға кетуіне және полиция қолынан қаза тапқан Джордж Флойдтың ісінде әділеттілікке жетуге шақырады.

Ал Трамп болса, Twitter парақшасында АҚШ астанасы дүйсенбі күні "жер бетіндегі ең қауіпсіз жер" болғанын мәлімдеді.

Қалалық полицияның мәліметінше, дүйсенбіге қараған түні болған тәртіпсіздіктер салдарынан бір полиция көлігі өртеніп, екі тәртіп сақшысы жарақат алған және тәртіп бұзғаны үшін 300-ге жуық адам қамауға алынды.

Америка қалаларындағы тәртіпсіздіктер афроамерикалық Джордж Флойдтың Миннеаполисте полиция ұстау кезінде болған өлімінен кейін басталды.

Желіде ер адамның қолын кісендеп, жерге жатқызып, тәртіп сақшыларының бірі оның мойнынан тізесімен басып тұрған суреттер пайда болды.

Видеода ұсталған адам бірнеше рет дем ала алмай жатқанын айтып, кейін үні өшеді. Сөйтіп ол реанимацияда қайтыс болды. Ресми сот-сараптамалық қорытындылары бойынша Флойдтың тұншығып өлгені расталды.

Төрт полицей жұмыстан босатылды, олардың біріне абайсызда кісі өлтірді деген айып тағылды. Вашингтонда және басқа қалаларда комендаттық сағат жарияланды.

Еске салсақ, қазақстандық блогер Данияр Қожан Нью-Йорк қаласындағы расизмге қарсы митингтердің зардабын видеоға түсірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858643-vasingtondagy-narazy-zrt-trampty-otstavkaga-ketuin-talap-etti.html