RU

Қазақстанда "Қырым сценарийі" қайталануы мүмкін бе: Тоқаев жауап берді

Желіде Қазақстан президентінің ресейлік журналиске берген сұхбаты жарияланды. Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы орыстардың жағдайы жайлы айта келе, елде "Қырым мен Донбасс сценарийі" болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазақстанда "Қырым сценариі" қайталануы мүмкін бе: Тоқаев жауап берді
Фото: Ақорда: Original

Қасым-Жомарт Кемелұлымен өткен сұхбатты "Комсомольская правда" газеті жариялады. Президент әңгіме барысында Қазақстан пен Ресейдің серіктестігі және Қазақстандағы орыстардың жағдайы туралы сөз қозғады.

Басылым тілшісі атап өткендей, орыс ұлтының өкілдері Қазақстанда өте жинақы өмір сүреді. Олар елдің Ресеймен шекаралас солтүстігі мен шығысында көп тұрады. Журналистің сөзінше, кейбір сарапшылар Қазақстанда "Қырым мен Донбасстың сценарийі" қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды екен.

Алайда мемлекет басшысы мұндай мәлімдеме жасауға ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді.

"Мұндай сарапшы-сымақтардың болжамдарының түпкі негізі жоқ. Олар негізінен Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға және қос мемлекеттің тату көршілік, одақтастық қарым-қатынастарды үзуге бағытталған. Мұндай болжамдарды тек өзгенің даусына құлақ түретін құзіретсіз, адал ниеті жоқ адамдар айтады",- деді ел басшысы.

Айта кетейік, бүгінгі Тоқаевқа Ресей мен Беларусьтің одақтас мемлекетіне кіру Қазақстанның жоспарында бар ма деген сауал қойылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858649-kazakstanda-kyrym-scenariji-kajtalanuy-mmkin-be-tokaev-zauap-berdi.html