RU

Түркістан облысында кек алмақ болған жігіт қателесіп өзгеге оқ атқан

Түркістан облысында жас жігіт көшеде келе жатқан адамға көліктен оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ал жарақат алған жергілікті тұрғынды жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізген. Жауап алу барысында күдіктінің мұндай қадамға кек алу үшін барғаны белгілі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Түркістан облысында жас жігіт жолаушыға қателесіп оқ атқан
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Оқыс оқиға Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылында болған. Келеңсіз жайт туралы полицияға жедел жәрдем диспетчері хабар берген.

Зардап шегушінің тәртіп сақшыларына баяндауынша, достарының үйінен шығып, көшеде келе жатқанында жанына нөмірі жоқ, сұр түсті "Мерседес" маркалы көлігі тоқтап, терезесінен ата бастаған.

Салдарынан санына оқ тиіп, жарақат алған.

Полицейлер күдіктіні 12 сағатта тауып қолға түсірген. Ол Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты.

Ұсталған күдікті мұндай қадамға не үшін барғанын айтқан. Оның сөзінше, көшеде кетіп бара жатқан жігітті бұрыннан бас араздығы бар біреуге ұқсатып, кек алу үшін оқ атқан.

Күдікті кінәсін толық мойындаған. Сонымен қатар одан еш жерде тіркелмеген 16 калибрлі 2 ұңғылы аңшы қаруы тәркіленіп, алынған.

"Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қазіргі уақытта күдікті Түлкібас АПБ-не уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде,"- дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Кенияда полицейлер карантин ережесін бұзған 13 жастағы жеткіншекке оқ атқанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858706-trkistan-oblysynda-zas-zigit-zolausyga-katelesip-ok-atkan.html