RU

Елордада үстемақыдан қағылған аурухана қызметкерлері наразылығын білдірді

Елордада коронавирус індетінің бел ортасында жүрген аурухана қызметкерлері наразылық білдіруде. Қала іргесіндегі фтизиопульмонология орталығының жұмысшыларына карантин басталғанда басшылары үстемақы уәде еткен екен. Алайда үстемақы тұрмақ, тиісті жалақысының өзін кешіктіріп алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Кадр КТК арнасындағы сюжеттен алынды
Кадр КТК арнасындағы сюжеттен алынды: Instagram

Телеарна мәліметінше, вирус дендеген тұста физиопульмонологиялық орталықтың қызметкерлері де күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Тіпті демалыссыз қызмет атқарған кездері де болыпты. Басшылары сол кезде "үстемақы төлейміз" деп уәде еткен көрінеді.

"Қоқыс шығарамыз. Бізді "байланыста болған" деп үйге жібермейді. Осында жатқанымызға екі айдай болып қалды. "Төлейміз" деп уәде берген, алайда төлемеді. Жалақының өзін кешіктіріп береді. Кешіктіргеніне бір айдан асып кетті", - дейді жүк тасушы Бимолда Төңкішев.

Еңбегінің бағаланбағанын айтып, көмек сұраған қызметкерлердің саны 40 шақты. Басым бөлігі – жүргізушілер, кір жуушылар және жүк тасуға жауаптылар. Олар үстемақының неге берілмегенін түсінбей дал.

"Қалалық жедел жәрдемде ғана жүретін жүргізушілерге ғана ақша төлену керек екен. Ал бізге төленбейді екен. Санат бойынша. Біз сонда қай санатқа жатамыз? Бір Алла біледі. Бізге ешкім шығып, жауап бермейді. Ақшамызды үзіп-үзіп береді", - деп ашынды Нұрболат Елубаев.

Наразы топ арызын қағаз бетіне түсіріп, премьер-министрге жолдаған, әзірге жауап алмаған.

Ал көпсалалы медициналық орталықтың директоры Мұхтар Төлеутаев болса, наурыз айынан бері осы санатқа кірмей қалған қызметкерлерге өз қаражыларынан айлықтарын 2-3 есе етіп төлеу туралы шешім қабылдағандарын айтады.

"Бұл бюджеттік қаржы емес", - дейді ол.

Айта кетейік, елімізде коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне қауіптілігі аса жоғары, жоғары және орташа деген үш санат бойынша үстемақы төленеді.

Ал шағымданған мамандар бұл санаттың ешбіріне кірмейді екен.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, осыған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі дәрігерлердің жалақысы қалай өсетінін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858817-elordada-stemakydan-kagylgan-auruhana-kyzmetkerleri-narazylgyn-bildirude.html