RU

Алакөлде демалғысы келетіндерден коронавирустың жоқтығы туралы анықтама талап етілмек

Шығыс Қазақстанда демалушылар мен демалыс үйлерінің иелері биылғы жылы коронавирус инфекциясына байланысты белгіленген нормативтерді сақтау керек деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Алакөлде демалғысы келетіндерден коронавирустың жоқтығы туралы анықтама талап етілмек
Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі: UGC

Облыстық ақпараттық орталықтың хабарлауынша, жағажай аумағында демалушылар кем дегенде екі метр арақашықтықты сақтау керек.

Орналасу мен демалу орындарындағы топтасу деңгейі жобалық аумақтың 50% -ынан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, демалушылардан коронавирус инфекциясының жоқтығын дәлелдейтін анықтама талап етілмек. Сынама нәтижесі 7 күннен аспауы керек.

Бір отбасыға бір мүшесінің ғана анықтамасы жеткілікті. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешімінде айтылған.

Барлық демалыс орындары жеке қорғаныс құралдарымен, дезинфекциялық құралдармен, қолдарды өңдеуге арналған антисептиктермен, сондай-ақ температураны өлшеуге арналған байланыссыз термометрмен қамтамасыз етілуі қажет.

Демалушылар өзімен бірге жеке қорғаныс құралдарын алып жүргені жөн.

Еске сала кетсек, бұған дейін 2 маусымнан бастап Алакөлге пойыз жүре бастайтынын хабарлаған едік. Аймаққа жету үшін пойыздардың бағыты да көрсетілген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858863-alaklde-demalgysy-keletinderden-koronavirusty-zoktygy-turaly-anyktama-talap-etilmek.html