RU

Коронавирус анықталған науқастың туыстары диагнозға сенбей, дәрігерлерді қорқытты

водитель и машина
Фото: UGC

Алматы облысында коронавирус жұқтырған ер адамның туыстары қойылған диагнозға сенбейді. Олар науқасты емдеуге алып кету үшін келген жедел жәрдемді видеоға түсірген. Видео әлеуметтік желіде пайда болды. Бұл видеоға қатысты Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Туыстарының айтуынша, ер адамда аурудың белгілері жоқ, оның үстіне ол өзін жақсы сезінеді екен.

Жұқтырған адам да, оның отбасы да тест нәтижелеріне сенбей отыр.

"Коронавируспен ауыратын адам осындай болады екен. Жөтелмейді, түшкірмейді, күлімсіреп тұр", – дейді кадр сыртындағы әйел.

Видео желі қолданушыларын екі топқа бөлді. Кейбіреулер бұлардың қателесіп тұрғанын айтады, себебі коронавирус ешқандай белгілерсіз болуы мүмкін, ал басқалары аурудың жоқ екеніне сенімді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасына сәйкес, Ескелді ауданында тұратын ер адам ақылы негізде Covid-19-ға тест тапсыру үшін жекеменшік зертханаға жүгінген. Анықтама жұмысқа орналасу үшін қажет болыпты. Алайда тест нәтижесі оң болып шыққан.

Содан соң 30 мамыр күні инфекциялық аурулар жөніндегі маман мен медбикеден құрылған жұмыс тобы науқаспен байланыста болғандарды қарап, диагнозы расталған адам мәселесін шешу үшін ауру жұқтыру ошағына аттанған.

Басқарманың дерегіне сүйенсек, көрсетілген мекенжай бойынша науқастың өзі, оның туыстары мен жұбайы шыққан, олар медицина қызметкерлеріне шамданып, сынақ нәтижесін бұрмалаған деп айыптап, қорқытқан көрінеді.

Содан кейін олар аудио, фото және видео түсірілімге тыйым салынғанын елемей, ақ халаттыларды ұялы телефонның камерасына түсіре бастаған.

Жанжал орнына шақыртылған амбулатория меңгерушісі науқаспен сөйлесуге тырысқанымен, туыстары мекеме басшысына да зекіп тастаған.

Бұл жағдай ауылдық округ әкіміне хабарланды. Ол отбасымен телефон арқылы байланысқа шыққан, алайда олар сонда да келісімге келе алмапты.

3 маусымда фельдшерлер осы мәселе бойынша полиция бөлімінен көмек сұрап хат жолдады.

Еске сала кетсек, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 12 мыңнан асты. Өткен тәулікте тағы 271 адамнан коронавирус табылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858873-koronavirus-anyktalgan-naukasty-tuystary-diagnozga-senbej-drigerlerdi-korkytty.html