RU

Ухань ауруханаларында коронавирус жұқтырған адам қалмады

Ухань ауруханаларында коронавирус инфекциясынан жазылған соңғы үш пациент үйлеріне жіберілді. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау комитеті мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы РИА Новостиге сілтеме жасап.

Фото: The New York Times
Фото: The New York Times: Facebook

3 маусымда соңғы үш емделушінің COVID-19 инфекциясына тапсырған тест сынамалары теріс нәтиже көрсеткен. Дене қызулары қалыпты нормада, ауру белгілері жойылған.

Ертесіне дәрігерлер пациенттердің жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап, ауруханадан шығаруға шешім қабылдаған.

"Осылайша, Ухань ауруханаларында коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттер қалмады", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ 1 маусымдағы жағдайға сәйкес, бұған дейін орташа қауіпті аймақ деп танылған Уханьның Дунсиху ауданында 14 күн ішінде вирус жұқтырудың жаңа деректері тіркелмеген.

Сондықтан 2 маусымнан бастап мұндағы эпидемиологиялық қауіп деңгейі орташадан төменгіге ауыстырылған.

Осылайша, Уханьның барлық қалалық аудандарында төменгі қауіп деңгейі белгіленді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайда коронавируспен ауырғандардың 93 пайыздан астамы жазылып шыққанын хабарлағанбыз.

Сондай-ақ бұған дейін Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері барлық азаматтарға, әсіресе, халықтың осал топтарына жататын қарт адамдар мен созылмалы аурулары барларға адамдар көп шоғырланған орындардан алыс жүруге кеңес берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859107-uhan-auruhanalarynda-koronavirus-zktyrgan-adam-kalmady.html