RU

Атырауда ірі алаңдар мен саябақтарға баруға тыйым салынды

Атыраудың бас санитарлық дәрігері Қанат Ғайнеденов эпидемиологиялық жағдай толығымен тұрақталғанға дейін қалада карантиндік шектеу шараларын сақтау туралы қаулы қабылдады. Оған коронавирус инфекциясынан екі адамның көз жұмғаны себеп болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Фото: Хабар 24
Фото : 24.kz: Depositphotos

Айта кетейік, Атырауда мәдени, спорттық және басқа да бұқаралық шараларды өткізуге әлі де тыйым салынған, кинотеатрлар, театрлар мен көрмелер сол күйі жабық қалып отыр.

Енді бұған қоса ірі алаңдар мен саябақтарға баруға тыйым салынған.

"Қалыптасқан жағдайға байланысты қаладағы ірі алаңдар мен саябақтарға (Исатай мен Махамбет алаңы, Жеңіс саябағы және Ретро саябақ) баруға тыйым салу туралы шешім қабылданды", - делінген өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламасында.

Билік қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.

Жабық ғимараттар мен көшеде, соның ішінде сауда нысандарында, қоғамдық орындарда, аялдамаларда және басқа да халық көп жиналатын орындарда кем дегенде екі метр ара қашықтықты сақтау қажет. Маска тақпай жүруге тыйым салынады, қоғамдық көлікте де бетперде кию міндетті.

Респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері (түшкіру, жөтел, дене қызуы) пайда болған жағдайда, тез арада үйге дәрігер шақыртқан абзал.

Еске сала кетейік, өткен тәулікте елімізде тағы 245 адамнан коронавирус анықталған болатын. Олардың 10-ны Атырау облысынан.

Жалпы Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ең көп тіркелген Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы болса, үшінші орында осы Атырау өңірі тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859131-atyrauda-iri-aladar-men-saabaktarga-baruga-tyjym-salyndy.html