RU

Карантин тәртібіне қатысты Нұр-Сұлтан полициясы мәлімдеме жасады

Елорда тұрғындары санитарлық нормаларды бұзған жағдайда қатаң карантиндік режимге оралуға мәжбүр болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Карантин тәртібіне қатысты Нұр-Сұлтан полициясы мәлімдеме жасады
Көрнекі фото: NUR.KZ: UGC
"Біз азаматтардан бетперде киіп, қашықтықты сақтап, антисептиктерді жиі қолдануды сұраймыз. Себебі сіз вирустық инфекцияны тасымалдаушы болуыңыз мүмкін және вирус жұқтырғаныңызды білмеуіңіз де мүмкін. Егер адам өзінің ауыру екенін біле тұрып бетперде тақпай, адамдарға жұқтыруды жалғастырса, оған қарсы қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Санитарлық нормалар бұзылған жағдайда қала қатаң карантиндік режимге оралуға мәжбүр болады", – делінген хабарламада.

Полиция департаменті қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында халық көп жиналатын жерлерде іске асырылып жатқан санитарлық шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды. Ол жерлерде дезинфекция жұмыстары жалғасуда.

"Карантиннің жеңілдетілуіне байланысты азаматтар жаппай қоғамдық орындарға, саябақтар мен демалыс алаңдарына барады. Сондықтан да бұл жерлерде мұқият дезинфекция жұмыстары жүргізілуде", – деп түсіндірді полиция.

Соңғы мәліметер бойынша, елімізде қауіпті вирус жұқтырғандар саны 12694-ке жетті.

Сонымен қатар, БҚО-да 1952 жылы туған әйелдің коронавирустан көз жұмғаны анықталды.

Естеріңізге сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің коронавирус жұқтырғаны туралы жариялаған едік. Бұл туралы президенттің өкілі өз парақшасында мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859227-karantin-trtibine-katysty-nr-sltan-policiasy-mlimdeme-zasady.html