RU

Солтүстік Қазақстан облысында 26 армениялық автокөлік тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында алты күнде 26 армениялық автокөлік тіркелді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: Polisia.kz
Фото: Polisia.kz: Facebook

2020 жылғы 1 ақпанға дейін Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу демалыс күндері де жалғасып жатыр. Алты күнде Солтүстік Қазақстан облысында 26 темір тұлпар республикаға тіркеуге қойылды.

Сенбі және жексенбі күндері Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері армениялық көліктерді тіркеу бойынша азаматтарға кеңес беріп, тіркеу жұмыстарын жүргізді.

Өңірлік ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспановтың айтуынша, көліктерін тіркеуге келген азаматтардың көпшілігі – петропавлдықтар, ал сегіз адам облыс аудандарынан келіпті.

Мәселен, сенбі күні Ақжар ауданының тұрғыны демалыс күнін пайдаланып, көлігін тіркету үшін облыс орталығына келген. Ерболат Балтин 2008 жылғы “Toyota Camry” автокөлігін өткен жылдың күзінде айдап әкелген.

"Бұл жағдай үшін біраз алаңдауға тура келді. Мәселе шешіліп, жеңілдіктер жасалды. Енді өз көлігіммен еркін жүре аламын", – дейді көлік иесі.

Еске сала кетейік, бұған дейін үкімет басшысы Асқар Мамин 20 мамырдан бастап Қазақстанда Армениядан әкелінген көлік құралдарын уақытша тіркеуге рұқсат беруді қарастыратын қаулыға қол қойған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859249-soltstik-kazakstan-oblysynda-26-armenialyk-avtoklik-tirkeldi.html