RU

"Өте тәртіпті": Жылдар бойы Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді

Жылдар бойы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшағын басқарған Ербол Оспанов зейнетке шықты. Елбасының алғашқы бас ұшқышы тұңғыш президенттің қандай жолаушы болғанын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
"Елбасы бала күнінде ұшқыш болғысы келгені белгілі. Ол ұшу барысында ара-тұра ұшқыштардың жанына барып, хабар алып тұрған. Алайда ұшқыштың орнына отыруға тырысқан емес, себебі ол кісі өте тәртіпті, ал ол тәртіпке қайшы әрекет болатын еді", - деп еске алды Оспанов.

Ербол Оспанов ұшқыш ретінде Елбасымен бірге әлемнің барлық еліне барғанын айтады. Сонымен қатар ол тұңғыш президентпен алғашқы ұшуы жайлы естелігімен бөлісті.

Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: Original
"1995 жылдың сәуірі болатын. Ол кезде Назарбаев Оңтүстік Кореяға алғашқы сапарын жасады. Мұның алдында сайлауда 92% дауыс жинады. Екі аптадан кейін біз Оңтүстік Кореяға бардық. Қытайдан өтіп бара жатып, маған Қытай мемлекеттік кеңесінің төрағасына Нұрсұлтан Әбішұлының жеделхатын жіберу тапсырылды. Мені президенттің кабинетіне шақырды, ал жанында Қасым-Жомарт Тоқаев отырған еді. Ол кезде Тоқаев сыртқы істер министрі болған кезі, сол кісі жеделхатты ағылшын тіліне аударып берді", - дейді ол.

Алайда Қытайдың әуе қозғалысын басқаратын диспетчер Оспановтың ағылшын тілінде сөйлегенін түсінбей, жеделхатты қабылдамай қойған. Бірнеше рет қайталап оқығанына қарамастан, еш нәтиже шықпаған. Бортта америкалық болған екен, алайда қытайлар оның сөзін де түсінбеген. 

"Біз Үрімшіден өтіп, Қытайдың жартысынан көп бөлігін ұшып өттік, алайда жеделхат әлі  де жеткізілген жоқ. Сосын сыртқы істер министріне жолықтым. Мәселені түсіндіріп, жеделхат мәтінін ауыстыруды ұсындым. Алайда ол кісі мұның ресми құжат екенін, өзгертуге болмайтынын айтты", - дейді ұшқыш.

Ең соңында Тоқаевтың өзі кабинаға келіп, құлаққап тағып, жеделхатты оқып берген. Бейжің сол жеделхатты қабылдап, жауап ретінде құттықтау жолдаған.

"Бұл Тоқаев борт-радист болып жұмыс істеген ерекше ұшу болды", - деп еске алды Оспанов.

Ербол Оспанов әлі күнге дейін Назарбаевпен жақсы қарым-қатынаста екенін атап өтті. 

Айта кетейік, Оспанов Air Astana әуе компаниясында 15 жыл жұмыс істеген. Ұшақ командирі ретіндегі өзінің соңғы рейсін Boeing 767-мен Лондон – Алматы бағытында жасады.

Айтуынша, ең алғашқы және зейнетке шығар алдындағы сапарында ұшқыш гуманитарлық көмек жеткізген. Алғашқы ұшуында Марқакөлге вакцина жеткізсе, соңғы жолы Лондонға гуманитарлық медициналық көмек пен жасанды тыныс алу аппаратын жеткізген. Ербол Оспанов ең алғаш рет 1972 жылы Ан-2 ұшағымен ұшқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859278-te-trtipti-zyldar-bojy-nazarbaevty-sagyn-baskargan-pilot-elbasy-turaly-ajtyp-berdi.html