RU

15 шілдеден бастап Ресейден Қазақстанға әуе тасымалы жандануы мүмкін

Келер айдың ортасынан бастап Ресейден Қазақстанға қатынайтын әуе тасымалы өз жұмысын қайта бастауы мүмкін. Ресейлік әуе компаниялары 15 шілдеден бастап халықаралық рейстерді қалпына келтіруді жоспарлап отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

15 шілдеден бастап Ресейден Қазақстанға әуе тасымалы жандануы мүмкін
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Жолаушылар қатынайтын әуе тасымалын қалпына келтірудің болжамды күні туралы ресейлік "Интерфакс" басылымы хабарлады.

Басылым деректеріне сәйкес, қазір Ресейдің ірі әуе тасымалдаушылары Ресей мен басқа елдер арасындағы байланысты қалпына келтіру жүйесін әзірлеп жатқан көрінеді.

Елде инфекция жұқтырғандар саны азайса, шілденің ортасында рейстерді қалпына келтіруге болатыны айтылған.

Сонымен қатар, жолаушылар мен әуе компаниялары санитарлық дәрігерлер мен Тұтынушылар құқығын қорғау және адам саулығы саласындағы қадағалау жөніндегі федеральдық қызмет ұсынған ережелерді қатаң сақтау қажет.

Сондай-ақ, алдымен ЕАЭО мен ТМД елдеріне бағыт алған рейстер жанданатыны айтылған.

РБК да өз дереккөзіне сілтеме жасап, ресейлік әуе компаниялары жұмысын қайта жандануы мүмкін екенін хабарлаған. Бұл басылымның ақпаратына сенсек, алғашқы рейстер Ресейден Еуропа елдеріне, Қытай мен Оңтүстік Кореяға қарай ұша бастайды.

Айта кету керек, Ресей наурыз айының соңында халықаралық әуе қатынасын тоқтатқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859283-15-sildeden-bastap-resejden-kazakstanga-ue-tasymaly-zandanuy-mmkin.html