RU

"Жезөкше": Желіде қызу талқыға түскен видеоға қатысты Шымкент әкімдігі пікір білдірді

Шымкент қаласының әкімдігі желіде қызу талқыланып жатқан қысқа метражды фильмге қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Видеодан кадр/YOUTUBE/Talas film
Видеодан кадр/YOUTUBE/Talas film: Instagram

Шымкент қаласы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаевтың сөзінше, әлеуметтік желілерде көптің талқысына түскен роликке жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылмаған.

Ол видеоны жарыққа шығарған киностудиясымен әріптестік меморандум жасалғанымен, оны түсіру туралы нақыт келісім болмағанын білдірді.

Яғни, Жастар ресурстық орталығы тарапынан роликтің сценариі бекітілмеген.

"Бұл роликке мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жоқ. Ол ролик "TALAS FILM" киностудиясында өз қаражаттарына түсірілген. Бір айта кетерлігі, роликтің соңында "қолдау білдіреді" деген сөздің орнына "тапсырыс береді" деп жазылып кеткен. Бұл олқылықты байқаған соң, орталықтың логотипін алдырып тастадық.

Осы секілді басқа да материалдардың таралмауын қатаң бақылауға аламыз. Біз әйелдердің құқықтарын, отбасылық құндылықтарды, балалар мен жастардың құқықтарын қорғауды дәріптеп, сәйкесінше, ешқандай жағдайда да жеке алынған адамның сырт әлпетіне қарап кемсітуге жол бермейміз", – деді Қалтаев.

Сонымен қатар ролик режиссері Серік Таласов та өзі таспалаған қысқа метражды фильмі туралы өз ойын жеткізген.

"Бейнероликте қателік бар шығар. Бірақ біздің түпкі мақсат – қазақтың ұлттық тəрбиесін сақтап қалу. Яғни, бейнеролик осы мақсатпен түсірілген. "Тəрбие тал бесіктен". Өзімнің өсіріп отырған үш қызым бар. Олардың келешегі мені алаңдатады. Сондықтан қоғамның осындай кейбір келеңсіз тұстарын ашық көрсете отырып, қаз қалпында жеткізгіміз келді", - деп түсіндірді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін желіде қызу талқыға түскен қысқа метражды фильмге байланысты ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да пікір білдірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1859313-zezkse-zelide-kyzu-talkyga-tsken-videoga-katysty-symkent-kimdigi-pikir-bildirdi.html